Kyzylorda-news.kz. Жүздеген этнос өкілдері Қазақстан атты үлкен шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Кезіндегі өкіметтің өктемдігімен жер аударылған өзге этнос өкілдері Қазақстаннан пана тапты. Солардың арасында шешен, корей ұлты көптеп жер аударылды. Өзегінен теппей отбасыларына қабылдап, бір дастарханнан ас ішуі қазақ халқының ақ пейілділігін білдіреді.

Менің туған жерім Қазақ елі, сүйікті Отаным – Қазақстан. Осындай қасиетті жерде туып-өсіп, оқыдым, білім алдым. Мамандық иесі атанып, еңбек еткеніме 30 жылдан асты. Үлкен шаңыраққа келін болып, жар сүйдім, 4 перзентті болдым. Жолдасым Әбдумажит Тереңөзектің тумасы. Өмір бойы адал еңбек етіп, отбасымыздың тірегіне айналды. Енемнен көрген, үйренгендерімнің арқасында өнегелі отбасы атанып, тәрбиелі ұл-қыз өсірдік. Қазір үлкен ұл мен қызым оқу бітіріп, бір-бір мамандық иесі атанды. Екі кіші қызым мектепте оқиды. Олардың болашағына еш алаңдамаймын. Өйткені, балаларымның Отаны – өсіп-өркендеген Қазақстан.

Облыста, ауданда өтіп жатқан түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысып жүремін, өзім Ассамблея мүшесімін. Осындай қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүріп, үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, мерекелік шаралардың куәсі болдым. Біздің басымыз қосылатын ауданда «Достық» үйі бар. Онда кездесулер, салтанатты жиындар өтеді. 

2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекелік медалімен марапатталып, мерейім үстем болды. Бұл менің осы күнге дейінгі алған наградаларымның ішіндегі ең қымбаттысы болды десем артық айтқандық болмас. Сондықтан мен алдымен Елбасына, сонан соң еңбегімізді бағалаған ел ағаларына, қолдау білдірген Ассамблея мүшелеріне алғыс айтамын. Еліміздің көк байрағы желбіреп, бейбіт аспанда өмір сүре берейік.

Люба Махмурзаева,

Тереңөзек аудандық тұтынушылар

құқығын қорғау басқармасының маманы

Тағы да оқыңыз: