Kyzylorda-news.kz Қазақстанда мектеп бітіру кештерінің тым салтанатты форматқа айналуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өңірлерде түлектердің кортеж ұйымдастыруы, қымбат сыйлықтар мен ауқымды мерекелер өткізуі әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған байланысты мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектеп бітіру кешін өткізуге қатысты қатаң ескеру білдіріп, оқу орындарын мұндай шаралардан бас тартуға шақырды.

Депутаттың айтуынша, мектептің негізгі міндеті білім беру, ал аттестат табыстаудан кейінгі салтанатты жиындар оқу орнының жауапкершілігіне кірмеуге тиіс.

“Аттестат берілген соң қол алып, алғыс айтып қоштасу керек. Қалғаны әр отбасының жеке таңдауы” деген пікірлері бұған дейін де қоғамда талқыланған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда мектеп түлектерінің премиум санаттағы автокортеж ұйымдастырып, қымбат лимузиндер жалдағаны, сондай-ақ салтанатты кештер өткізгені анық көрсетілген. Кей жағдайларда балабақша деңгейіндегі бітіру рәсімдерінде де осындай сән-салтанатпен жасалған.

Мәселен, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 11-сынып түлектерінің бірнеше люкс автокөліктерімен  кортеж жасаған видео тарады. Ал Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерге арналған кешке лимузин шақырғаны айтылды. Ал Шымкентте, бір түлекке 1001 раушан гүлінен құралған сыйлық берілген жағдай да қоғам назарынан тыс қалмады.

Тіпті Алматыда полиция жол қозғалысына қауіп төндірген түлектер кортежін тоқтатуға мәжбүр болған. Мұндай көріністер әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамда пікір екіге жарылды. Бір бөлігі мұны дәстүрлі қуаныш деп санаса, енді бір бөлігі орынсыз шығын мен әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ретінде бағалап жатыр.

Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін білім беру ұйымдарында бітіру кештерін мейрамханаларда, банкет залдарында және басқа да ойын-сауық орындарында өткізуге болмайтынын, сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатынын ескерткен еді. Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде тараған деректер кейбір мектептер бұл талаптарды елемей отырғанын көрсетеді.

Бұл жағдай білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының әлсіреуін және оқушылар арасында сән-салтанатқа ұмтылулары тым шектен шығуда  дейді мамандар.

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Тағы да оқыңыз: