Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы -өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Алғашқы президент жолдауында Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын жан-жақты бағамдап, ішкі және сыртқы жағдайды толық ескеріп, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек, осыларға байланысты дұрыс шешім шығарды. Мен Президенттің сөзіне толық келісемін. Себебі қазір ойланып қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет. Көрші өзбек ағайындарымыз әліпбиін латынға баяғыда ауыстырып қойған.

Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.

Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл  шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін.

Мариям ҚОЖАХМЕТОВА, 
С.Лапин атындағы №261 мектептің 11-сынып оқушысы

Тағы да оқыңыз: