Kyzylorda-news.kz. Жылдың ақжолтай жаршысы  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында  Президентіміз Қ.К.Тоқаев: «.. мерейтой аясында … кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлері мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керектігін»  және    «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» екендігін ерекше атап өтті.

Тәуелсіздік тарихын «шартты түрде үш онжылдық белеске» бөлген Мемлекет басшысы  мақалада Қазақстаннның әр онжылдықта жеткен жасампаз жетістіктері мен толағай табыстарын тебіреніспен тарқатып, «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз» екендігіне толғаныспен тоқталып, «біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп болашаққа нық сенім білдірді.

Қастерлі үш құндылықтың бірі – қасиетті қазақ тілі турасында: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл.Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. … Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» дейді, Мемлекет басшысы.

Иә, тәуелсіздік алғалы бері елімізде барша азаматтарға мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне барлық жағдайлар жасалып келеді.

ҚР Конституциясының 7-бабында: «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» жөнінде нақты көрсетіліп,  «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» заңы, заңның орындалуын қамтамасыз ететін Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың 2001-2010, 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламалар,  «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»  т.б. қазақ тілін меңгерген тұрғындар санын  арттыру бағытындағы  өткізілетін шаралар мен өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтары ұйымдастыратын тегін тіл үйрету курстары  оған айқын дәлел.

Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға арналған жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде кезең-кезеңімен атқарылып, қазақ  тілін  оқып үйренуші өзге этнос өкілдерінің  үлесі де жыл санап  артып келе жатқаны белгілі. Бұл  жұмыстардың жүйелі атқарылуына өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтарының қосып келе жатқан үлесі зор.

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының  «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» – Сыр өңірінде   мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға өзіндік үлес қосып,   мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқып, еркін меңгеруіне және «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындар санының артуына  ықпал жасап келе жатқан бірден-бір мемлекеттік мекеме. Орталық облыс әкімінің 2016 жылғы 30 маусымдағы №509 қаулысы негізінде  құрылып, 2021 жылға дейінгі уақытта  10 мыңға жуық тұрғындарды тегін тіл үйрету  курсымен қамтыды.  Орталық жұмысы   ғылыми- әдістемелік  және оқу-әдістемелік бағыттар бойынша  және 2018 жылдан бастап ашылған облыстың барлық аудандарындағы бөлімшелер бойынша 7ауданда мемлекеттік тіл, орыс тілі, ағылшын тілін оқытатын мамандар курстары арқылы   жүйелі жүргізілуде. Үстіміздегі  жылы үш тіл бойынша  2500 тыңдаушыны тіл курсымен қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қала және облыс аумағындағы барлық ерікті ересек тұрғындар үшін «Сөйлеу мәдениеті және іскери қазақ тілі», «Латын графикасына  негізделген жаңа қазақ әліпбиі» курстарын оқыту да ұйымдастырылуда.  Пандемия жағдайы кезінде  Орталық өз жұмысын  карантин режиміне  байланысты онлайн  форматқа ауыстырып, мамыр айынан бастап оқыту курстарын цифрлық жүйеге көшірді. Қашықтан оқыту жүйесіне арналған kzordatil.kzинтернет порталы жасақталып, барлық  тіл курстары онлайн форматқа ауыстырылды. Бүгінде үш тілдегі деңгейлік оқыту курстарының барлық сабақтары деңгейлер блйынша порталға орналастырылған және  тіл үйренушінің уақыты мен мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді ресурс ретінде қолданылуда.

Бұл  игілікті шаралардың барлығында Орталықты құрылған күннен бастап,  бірнеше жыл бойы басқарып, облыс көлемінде өзіндік орны бар  мемлекеттік мекеме ретінде  танытып, имиджін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген  іскер басшымыз Нұрсауле Дүйсембайқызының қолтаңбасы тұр. Мамандарға үнемі «тілдің киесі барын» айтып, тіл үйретудің жаңа әдістерін заманға сай жетілдіріп,   іздене жүруге баулып отыратын Нұрсауле апайдың мектебінде шыңдалған  білікті мамандар Ә.Манасқызы, Б.Социалқызы, К.Сұлтанқызы, Ж.Мұхитқызы,  Айдана Мұханбайқызы Ә.Бөлебайқызы  т.б. бағдарламашы Г.Оспанқызы еңбектерінің және аудандардағы барлық мамандардың ауызбіршілікте жұмыла жұмыс атқаруы нәтижесінде Орталық айтарлықтар жетістіктерге қол жеткізді. Алда атқарылар ауқымды істер де баршылық.

Аталған мақаланы  Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы  ұжымы да жарық көрген бойда кеңінен талқылап,  мемлекеттік тілге қатысты бірқатар тың жобаларды жоспарлап, іске қосуды қолға ала бастады. Атап айтқанда: мақалада аталған  ұлттық рухты оятатын «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман», «Құнанбай» сынды тарихи көркемфильмдер мен  «Алаш қайраткерлері» мен «Желтоқсан қаһармандарының» азаматтық ерлігі жайлы сюжеттерді курс барысында көрсетіп, тыңдату арқылы тілге құрметін қалыптастыру, Президент ұсынған 30 кітапты тыңдаушылар арасында оқытып, «BOOK TALKING»  форматында талдау шарасын тұрақты түрде өткізу, «Тыңдалым» дағдысын жетілдірудің қазақи құймақұлақтық дәстүрін» жандандырып, батырлар жыры, айтыстар мен шешендік диалогтардың аудиоматериалдарын жинақтап, тыңдаушыларға тапсырмасымен ұсыну, «Тәуелсіздікке тағзым- тілге құрмет» тақырыбы аясында орыс тілді аудиторияларда «Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 ашық сабақ»  сабақтарын, онлайн-оффлайн форматтарда  ұйымдастыру жұмыстары т.б.

Мемлекет басшысы сананы серпілтер  мақаласында әлі күнге дейін қазақ тілінде сөйлеуді  міндеті екенін түсіне алмай  келе жатқан азаматтарға  арнап: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді» деп,  оқыған жанға терең ой саларлық  жүрекжарды үндеуін жолдады. «Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деп ескерткен.  Қзіргі таңда Орталық ұжымы президент айтқан отандастарымыздың қазақ тілін меңгергісі келетін ниетін ояту  үшін  тағы қандай тың қадамдар жасау керектігін ой таразысына салып, бағытымызы айқындау үстіндеміз.

«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажеттігін» айтқан Мемлекет басшысы «ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы» – тіл мәселесінде «халық үніне құлақ асар» ұстанымын айқын білдіріпхалық жүрегіне жол табатын нақты шешімін шығарары сөзсіз.

Осы мақаланы жазудағы басты мақсатымыз да  мерейлі жылда Тәуелсіздігімізге тағзым етуді туған тілімізге құрмет көрсетіп, қадір қасиетін сезінуден бастауға үндеу болатын. Тіл үйренуге, таным көкжиегін кеңейтуге ниетті жерлестерімізді біздің облыстық тілдерді оқыту орталығына келіп, кестесі келісті, сөздік қоры өте бай қазақ тілін оқып үйренуге шақырамыз.

Ұлттық тілдің, ұлттық дәстүрдің, ұлттық салт-сананың мызғымас тірегі- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!

Ләззат ОРТАЕВА,

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының

«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» директоры

Тағы да оқыңыз: