Əл-Фараби ислам өркениетінің тарихында – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Əл-Фараби ислам өркениетінің тарихында

23.05.2020, 11:00

117 0

Kyzylorda-news.kz. Орталық Азия, Қазақстан жəне бүкіл Шығыс халықтарының əлемдік ғылым мен мəдениет тарихында Фараб қаласының (Отырар, Оңтүстік Қазақстан) данышпан тумасы, ұлы ойшыл, философ, ғалым-энциклопедист əл-Фараби айрықша орынға ие.

Орталық Азия мен Қазақстан сонау Шығыс Жерорта теңізінен қазақ даласына дейін созылып жатқан, адамзат өркениетінің ежелгі ошағы пайда болған кең-байтақ аймаққа кіреді. Дəл осы жерде мыңдаған жылдар бұрын ежелгі Шығыстың бүкіл экономикасын қуаттандырған екі негізгі шаруашылық – егін жəне мал шаруашылықтары, одан кейін қолөнер мен қалалар пайда болған. Ерекше атап өтер жайт, осы аймақтың халықтары мен елдері ерте кезден бастап-ақ бір-бірінен бөлек өмір сүрген жоқ, олар тұрақты түрде мəдени, экономикалық жəне этностық байланыстар мен қарым-қатынаста болды.

Бұл кезеңде Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының материалды жəне рухани мəдениеті керемет гүлдеді, қалаларда зəулім сəулет ансамбльдері жасалды, көркемөнер мен сəулет өнерінің синтезі орын алды.

Б.д. VІІ ғ. ортасынан бастап Орталық Азия мен Қазақстанның жартысы орасан зор Араб халифатының құрамына қосылды.

Халифаттың құрамына енген территорияларда жүзеге асқан сол кездегі этногенетикалық, тілдік жəне мəдени процестер өте күрделі болды. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы маңызды этникалық бұқаралар тілі бойынша «арабшаланды». Алайда, туған тілдерін сақтап қалған елді мекендер орналасқан аймақтарда исламизациялау орын алды, сонымен бірге араб тілі кең қанат жайып, барлық мемлкеттік жазбалар жергілікті тілден араб тіліне аударылды. Осылайша, əртүрлі тілде сөйлейтін көптеген халықтар мекендеген мемлекет – халифатта бұл тіл жалпы мемлекеттік қарым-қатынасы тіліне айналды.

ІХ-ХІІ ғасырларда халифат мəдениеті сол кездегі еуорпалықтан əлдеқайда жоғары дəрежеде болды. Оның тарихи зор еңбегі еуропалықтардың Шығыс халықтарының жетістіктерімен танысуын қамтамасыз еткен шығыстық ғалымдардың ілімдері мен іс-əрекеттері меңгеріліп, шығармашылық тұрғыда өңделген көптеген антикалық дəстүрлердің (əсіресе, жаратылыстану ғылымдары мен философия саласы) кең таралуы деп есептеуге болады. Әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина жəне көптеген басқа да ойшылдар тек халифаттың ғана емес, бүкіл адамзат мəдениеті мен ғылымына аса ірі үлес қосты. Медициналық шығармалар мен математикалық трактаттар, астрономиялық кестелер мен түрлі тілден (ең алдымен, антикалық) аударылған араб аудармалары Батысқа жетіп, жүз жыл бойы орасан зор абыройға ие болды. Батыс еуропалық əдебиеттің дамуында да Шығыстың рөлі айрықша болғанын естен шығармаған жөн.

Фарабидің дəуірінде (ІХ ғасырдың екінші жартысы – Х ғасырдың бірінші жартысы) халифат саяси тұрғыдан алғанда ортақ тұтас емес еді. Орталық аббасидтік үкіметтік басқару осы уақытта бір Иран тарапынан шектелді. Испания, Солтүстік Африка, Мысыр мен Сирия өзіндік династиялармен басқарылды.

Тарихи ғылымда көп уақыт бойы еуразиялық дала аймағы тек көшпенділік мал шаруашылығына ғана жарамды болды, ал көшпенді тайпалар мен халықтардың мəдениеті төменгі дəрежелі, себебі көшпенділер жоғары өркениет құруға қабілетсіз деген жалаң тұжырым үстемдік етті. Мұның бəрі, əрине шындық емес. Араб халифаты дəуірінің өзінде Орталық Азия мен Қазақстан тұрғындары (қолөнершілер, шаруа адамдары) оның экономикалық потенциалына зор үлес қосқандығы айқындалды. Осы аймақтардан түрлі шикізат пен дайын өнімдерді халифаттың батыс бөліктеріне тасымалдау өте кең жүзеге асты. Мысалы, Бұхаралық жəне Мəруалық маталар Бағдат базарларында əйгілі болған. Самарқан ІХ ғасырдың өзінде қағаз өндірісінің ірі орталығы болған жəне Х ғасырда Самарқан қағазы ең сапалы болып есептелген. Ферғана тауларынан өндірілген орта азиялық темір оның орталығында өңделіп, одан жасалған бұйымдар Бағдатқа дейін жеткізілді. Ортаазиялық жəне қазақстандық асыл тастар үлкен танымалдылыққа ие болды. Сол уақыттағы керуен саудасы – Орталық Азия мен Қазақстанның халифаттың басқа елдерімен тұрақты экономикалық байланыста болғандығының дəлелі.

Бүгінгі таңда Қазақстанның оңтүстігінен 300-ден аса қолөнерші елді мекендер мен ортағасырлық қалалардың қалдықтары табылды. Қалалар əркезде де білім мен мəдениеттің орталығы болды. Мысалы, медресе Орталық Азияда пайда болды, кейін Х-ХІ ғасырларда бүкіл мұсылмандық Шығысқа кең жайылады. Сонымен, әл-Фараби өмір сүрген дəуірде, бүкіл ортағасырлық

Шығыста феодалдық қатынастардың қалыптасуы аяқталып, бірте-бірте өндіріс күштерінің жоғарылауы, қалалардың өсуі жəне осыған байланысты мəдениет пен ғылымның жандануы байқала бастады.

ІХ ғасырда орта азиялық жəне оңтүстік қазақстандық қалалар мен елді-мекендерден шыққан ғалымдар өздерінің еңбектерін тек араб тілінде жазды. Осы жерде хорезмдік Мұхаммед ибн Мусу əл-Хорезмиді (780-863 ж.) айта кеткен жөн, оған алгебраның негізі мен ондық санау жүйесінің қалыптасуы тиесілі. Оның замандасы атақты астроном, Ферғана тумасы Ахмет ибн Мұхаммед əл-Ферғани грек идеяларының негізінде астрономиялық білімдердің қысқа заңдар жинағын шығарды. ХІІ ғасырдың өзінде оның трактаты латын тіліне екі рет, кейін басқа да тілдерге аударылды. Əл-Ферғани туралы Данте хабардар болған жəне оның аты Еуропада ХVІІІ ғасырға дейін жаңғырып тұрды. ІХ ғасырда Мəруа қаласының тумасы Хабаш əл-Хасиб математика саласында маңызды жаңалықтарға қол жеткізеді. Сонымен қатар Əбу Машар, Жафар жəне Мұхаммед əл-Балхи секілді астрономдар мен математиктердің есімдерін атап өткеніміз орынды. Орталық Азия мен Қазақстан жерінен шыққан медициналық, химиялық, тіл ғылымы жəне т.б. трактаттардың, тарихи, географиялық шығармалардың авторларының есімдері де белгілі. ІХ ғасырдың өзінде Мəруа мен Балха қалаларында обсерваториялар салынған болатын. Жоғарыда аталған жайттардан əл-Фараби секілді тұлғаның бой көрсетуі кездейсоқ еместігі айқын.

Кеңес ғалымдары өздерінің ауқымды жұмыстарын Отырар оазисінде атқарды. Себебі бұл оазистегі қалада ұлы ғалым Əбу Насыр əл-Фараби дүниеге келді.

Жазба нұсқалар ІХ-Х ғасырлардағы Отырар оазисі туралы толық мəліметтер бермейді. Ол кезде ол Испиджабтың аумағына кіретін болған. Испиджаб қаласын «адамдардың молдығы мен кеңдігі» арқылы аймақты атай отырып, сол заман өкілдері оның айналасында көптеген қалалар мен елді мекендердің болғандығын хабарлайды. Х ғ. «Худуд əл ғалам» географиялық шығармасының авторы Испиджаб қаласының жақын маңайындағы шағын Фараб аумағы туралы, оның басты елді мекені – көпестер жиналған орын – Кедер (Кадир) екендігін жəне ол жерде жауынгер əрі батыл халықтың мекендейтінін жазады.

Осылайша, Оңтүстік Қазақстанда, Отырар – Фараб аумағын қоса алғанда, ІХ-Х ғасырларда қала өмірі екпінді дамып, үлкен құрылыстар жүргізілген, ірі сəулет ансамбьлдері құрылып, қолөнер жанданды.

Əл-Фараби Орталық Азия мен Қазақстанның жоғары деңгейдегі ежелгі жəне ортағасырлық өркениетінің жемісі болып қана қойған жоқ; оның шығармашылығында Мысыр, Сирия, Иран, Ирак, Солтүстік Африка халықтарының мəдениеті мен ғылыми жетістіктері баяндалған. Фараби Үндістан мен антикалық əлемде жасалған барлық нəрсенің ұлы мұрагері болды.

Сирия басшысы Хамдани Сайф ад-Даула əл-Фарабидің қамқоршысы болғандығы белгілі.

Осылайша, əл-Фараби шығармашылықпен айналысқан кезеңде Араб халифатындағы ғылым мен мəдениеттің дамуы салыстырмалы түрде жағымды жағдайда өтті. Осы кезеңге əл-Кинди, Ибн Кутайба жəне дəрігер, химик, математик, философ ретінде танылған Əбу Бəкір Мұхаммед ибн Зака-рия ар-Рази секілді ірі ғалымдардың іс-əрекеттері жатады. Кейінірек, олардың ізбасарлары Ибн Сина, Бируни жəне т.б. ғалымдар болды.

Осы ұлы ғалымдардың арасында Əбу Насыр əл-Фараби үлкен орын алады.

Əл-Фарабидің ғылыми қызығушылықтары таңғаларлықтай кең. Оның мұрасында математика, медицина бойынша еңбектері бар; ол Алдыңғы Шығыс музыкасының теориясына, алхимия мен магияға қатысты маңызды еңбектерді жазды. Алайда, оның шығармаларының көп бөлігі философияның, логиканың, таным теориясының, психлогияның, этиканың, саясаттың, əлеуметтанудың түрлі аспектілеріне арналған. Әл-Фарабидің дəл осы ғалымдық іс-əрекеті оны əлемдік мəдениетті жасаушылардың қатарына қойды.

Халифаттағы ортағасырлық ғалым Платон, Аристотель жəне басқа да грек философиясының классиктерінің шығармаларын неоплатондықтардың өңдеуі бойынша алды. Əл-Фараби шынайы Аристотельді кейінгі мистикалық түсіндірмелерден тазартып тануға өз алдына мақсат қойды. Бұл еңбекті керемет жазғандығы соншалық, оны көзі тірісінің өзінде-ақ «əл-Муалим əс-сани» (екінші ұстаз) деп атап кетті, себебі арабтар Аристотельді бірінші ұстаз санаушы еді. Сонымен қатар, Əл-Фараби Аристотельдің трактаттарына («Категориялар», «Герменевтика», «Бірінші жəне екінші Аналитика», «Топика», «Риторика», «Поэтика» жəне т.б.), басқа да грек философтарының шығармаларына түсініктеме берді. Бұл еңбектің сапасы туралы куəлік бізге Ибн Сина арқылы жетті. Ол: «Мен Аристотельді əл-Фарабидің түсініктемесін оқығаннан кейін түсіндім», – деген.

Əл-Фараби тіл туралы ғылымды, грамматика, логика, поэтика, физика жəне т.б. бөліп сол кездегі ғылымның классификациясын жасады. Әл-Фарабиде дін мен философия мәселесі негізгі орын алады.

Əл-Фарабидің еңбектерінде логикаға үлкен орын беріледі, оның пікірінше, ол ақиқатты жалғандықтан айыруға көмектеседі. Логика – зерденің негізі, ол дұрыс жолға жетелейді жəне қатенің алдын алады. Логика екі бөлімнен: ұғымдар мен анықтамалар теориясынан жəне пайым, дəлел, қорытынды теориясынан тұрады. Оның мақсаты – дəлелдерді зерттеу. Əл-Фарабидің логикаға үлкен мəн беруі, сол заманның жаңашылдығы болды.

Əл-Фарабидің «халықтар» ұғымына берген анықтамасы да қызық. Оның пікірінше бір халық екінші халықтан екі нəрсемен: табиғи əдет-ғұрып пен табиғи қасиеттер жəне тіл мен ерекшеленеді. Халықтардың бұл əдет-ғұрыптары мен қасиеттері географиялық ортаның əсерімен қалыптасады. Әл-Фарабидің бұл тезисін əрмен қарай ортағасырлық Таяу Шығыста тарих философиясының негізін салушы Ибн Халдун (ХІV ғ.) дамытты.

Таяу Шығыс пен бүкіл əлем философиясының тарихында əл-Фарабидің алар орны қандай? Фараби еңбектері бірінші рет қай кездерде аударылды?

Фарабидің еңбектері халифат мəдениетінің дамуындығы заңды кезең болып табылды. VIII ғ. өзінде-ақ мутазилиттер діни мəселелерді зерттеуге рационалистік принциптерді енгізуге тырысқан. Грек философиясынан хабардар болу ғылыми ойды философия аумағына қарай бағыттады.

Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп мөлшерде əл-Фарабидің арқасында танысты. ХІІ ғ. ағымында оның «Ғылымдар классификациясы» еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. ХІІ ғ. мен ХVІІ ғ. аралығында əл-Фарабидің еңбектері – «Зерденің мəні туралы», «Мəселелердің бастауы», Аристотельдің «Физика», «Поэтика» шығармаларына түсініктемесі, «Бақытқа жету жолдары туралы», логика бойынша трактаттары бірнеше рет латын тіліне аударылды. Фарабидің кейбір трактаттары бізге тек латын жазбасымен жеткен, олардың араб тексіндегі қолжазбалар сақталмаған.

Фарабидің еуропалық ғылымға ықпалы оның Ибн Сина, əсіресе, Ибн Рушд секілді ізбасарлары арқылы да жүзеге асты. Авверроизм ХІІІ-ХІV ғасырларда прогрессивті француз жəне итальян философиясының негізі болды. Батыс еуропалық ортағасырдың ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот əл-Фарабидің, Ибн Синаның, Ибн Рушд жəне т.б. ғалымдардың шығармаларын өздерінің теориялық құрылымдарында қолданды. Спинозаның кейібір трактаттарының бағыттылығы мен құрылымы жағынан Фарабидің еңбектеріне жақындығын айтуға болады. Осман Əмин əл-Фараби мен Спиноза трактаттарының анықтамаларының да ұқсастығын айтады.

Қорытынды жасап, былай айтуымызға болады: белгілі шығыстанушы ғалым Бобожан Ғафуров Шығыста Аристотель əл-Фарабидің арқасында Аристотель болды дейді. Ортағасырлық Еуропа ежелгі грек философиясымен оның еңбектері арқылы танысты (тікелей немесе оның ізбасарлары Ибн Сина, Ибн Рушд, Маймонидтің еңбектері арқылы). Фарабидің философиясы оның шығыстағы ізбасарларының еңбектерінің арқасында байып, латын аверроистері арқылы өтіп, Еуропалық Қайта өрлеу дəуіріне өз үлесін қосты. Осылайша әл-Фараби ислам өркениетінің тарихында еркін ойлардың таралуына негіз жасады.

Жақыпбек АЛТАЕВ

0

Пікір қалдыру