Kyzylorda-news.kz  Әлеуметтік желілерде соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған курьер мен тапсырыс берушінің арасында болған даудың нүктесі қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде маған және Магнумға қатысты әңгіме болып жатыр. Соны түсіндіріп кетсем деймін. Алдымен баршаңызға қолдау көрсетіп жатқандарыңызға рақмет айтамын. Өмір болғаннан кейін түсінбестік болып тұрады. Бірақ бәріміз қазақпыз ғой. Елімізге тыныштық пен татулық керек. Біз кездесіп, татуласып, қол алыстық, - деді курьер Еркін.

Сөзінше, қазір ол Магнумда жұмысын жалғастырып жатыр. 

Бәрі жақсы, жұмыс берушіге ешқандай шағым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойып, тоқтасақ деймін. Бәріміз бір қазақпыз. Үлкен рақмет, - деді Еркін.

Ал Асылхан да мұндай жағдайдың болғаны өкіндіретінін айтты.

Қадірлі ағайын! Мұндай жағдайдың болғаны өкінішті. Қатемізді түсіндік. Ал екеуіміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Баршыңызға рақмет, - деп айтты ол. 

Екі жігіттің видеосын таратқан "Мазмұндама" баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан қазақ тілі ұрысудың емес, табысудың тілі болғанын қалайтынын жеткізді.

Екеуі де қазақ. Бірі – Еркін, екіншісі – Асылхан. Ата-анасы еркін болсын, асыл болсын деп қойған болар. Бірақ дауға түрткі болған – екеуінің ана тілі. Негізі, қазақ тілі ұрысудың емес, табысудың тілі болғанын қалаймын. Адамзат жұмыр жерді басқалы бері, тіл – бұл коммуникация құралы, яғни түсінісу үшін керек. Бірақ оны таластың тақырыбына да айналдырып жіберуге болады екен. Қайткенде де мына екі жүгермектің татуласып, қазақ тілінің оның ең басты қызметін арнасына (тіл табысу, түсінісу) түскені дұрыс болған. Осымен бұл әңгімені тоқтатайық, ағайын! – деп жазды Мұқан.

Фото: Видеодан скриншот 

Тағы да оқыңыз: