Kyzylorda-news.kz Ерте көктемнен егіс даласында жүріп, ала жаздай еткен еңбек, төккен тердің жемісін көрер шақ туды. Ауыл-аймақ, облыс, тіпті көршілес өңірлерге де экспорт жасауға бет алған дала еңбеккерлерінің иығынан ауыр жүк түскендей болғаны рас. Алты ай дала төсінде жүріп, қамбаны дәнге толтырған диқан қауымының еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Қырман басындағы жұмыс жүйеленіп, енді нарыққа жол тартқан өнімнің биылғы беталысы алақандағыдай айқындала түсті.

Аяқ судың тапшылығына алаңдаған ауылдағы ағайынның биылғы еккен егінінің шығымы да, түсімі де жақсы деуге келеді. 2024 жылдың 8 айлық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 12 277,3 млн теңгені құрады. Бұл 100 пайыз көрсеткіштен асады деген сөз. Оның ішінде мал шаруашылығы 7 327,3 млн теңге болса, егін шаруашылығынан 4 861,6 млн теңге түсті. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш көңіл қуантады. Бұл туралы нақты мәлметті аудандық ауылшаруашылығы бөлімінен білдік.

Егін өнімі ойдағыдай ма?

Негізгі өнім – күріш шаруашылығының көлемі жылдан-жылға кеміп бара жатқаны рас. Оған себеп судың тапшылығы. Дегенмен диқандардың күрішке бүйрегі бұрып тұратыны рас. Жаңақорған ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын жалпы 781 шаруашылық құрылымының 460-ы егінмен айналысса, 234-і күріш дақылын өсіреді. Ауданның Сыр беткейіндегі ауылдардың барлығы дерлік егінмен күнелтсе, соның басым көбі күрішті күтіп-баптайды. Маусымдық жұмыс болғанымен, шығымы жақсы болса, өнімі де табысты болатыны ақиқат.

– 2024 жылы аудан бойынша 35004 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Тарқатып айтатын болсақ, дәнді дақыл, оның ішінде, күріш, бидай, тары, жүгері – 11 812 гектарды құрады. Биыл күріштің көлемі – 7 545гектарға қысқарды. Ал, мал азықтық дақылдар (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) – 19 058 гектарға жетті. Майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 1 463 гектар болса, картоп – 157 гектар, көкөніс, бақша – 2514 гектарға орналастырылды, – деді бас агроном Дәурен Абибуллаев.

Биыл Жаңақорған аудан көлемінде 5 940 тонна күздік бидай, 333 тонна жаздық бидай, 559 тонна тары, 2 238 тонна мақсары өнімі алынған. Сондай-ақ, 48 тонна күнбағыс, 2355 тонна картоп, 13 353 тонна көкөніс, 60 055 тонна бақша және 3 987 тонна дәндік жүгері жиналған. Егілген 7 545 гектар күріш дақылы толығымен жиналып, әр гектарынан орта есеппен 56,0 центнерден өнім жиналыпты.

– 2024-2025 жылдың қысқа түсетін ауыл шаруашылығы жануарларына 185,8 мың тонна шөп, 37,5 мың тонна жем, 37 тонна сабан дайындау жоспары бекітілді. Бүгінгі күнге 185,8 мың тонна шөп толығымен жиналып, оның ішінде 110 мың тонна жоңышқа, 37,0 мың тонна жем және 35,0 мың тонна сабан дайындалып отыр. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалатын болады, – деді жауапты маман.

Жалпы Сыр өңірінде 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Сырдың ақ күріші 85,6 мың гектарды құрайды. Сыр өңірінің диқандары күзге толағай табыспен жеткені рас. Облыс күрішшілері 500 мың тоннаға жуық өнімді қамбаға құйып, күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алды.

– Осы жылы да су тапшылығы орын алады деген күдік басым болды. Дәнді суға бастырғаннан кейін ақырына дейін шөлін қандыру ауыр мехнат. Соңына қарай су жетіспей, еңбек далаға кеткен кездерді де талай көрдік. Шүкір, биыл өнім көңілдегідей. Бұйырса, келер жылы күріш көлемін көбейтсек деген тілек бар. Әрине, судың да деңгейіне қараймыз, бірақ бізге осы өнім өте тиімді болып тұр. Басқа да дақылдар, оның ішінде мал азығындық өнімнің де шығымы жаман емес. Өзге өңір былай тұрсын, өзіміздің облыстан төрт түліктің жем-шөбіне сұраныс өте жоғары, – деп шаруалар қолдағы дақылдың қорасында қалмайтынына сенімді.

Жаңақорған ауданы мал шаруашылығы жөнінен аймақта аты озып тұр. Жері де құнарлы, сондықтан өнімнің шығымы жақсы болатыны ақиқат. Тек күріш көлемінің жылдан-жылға азаюы көңілге жеңіл тимей тұр. Бірақ, бізге әртараптандыруға толықтай көшуге қимыл керек, осы бағытта жақсы жұмыс атқарылуда. Тұқым дайындау шаруасын да уақытында тиянақтауға тура келеді. 2024 жылы қамбаға 1825 тонна күріш тұқымы құйылса, соның ішінде 1330 тонна “Лидер”, 495 тонна “Маршал”, “Сыр Сұлуы”, “АйКерім”, “Маржан” сорттары егілді. Минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер де уақытылы жеткізілгеніне көпшілік алғысын айтты. 2024 жылдың егісі үшін қажет 4567 тонна минералды тыңайтқыштар, 2213 л/кг арам шөптерге қарсы қолданатын гербицидтермен толық қамтамасыз етілді дейді сала мамандары.

Техника және жанар-жағар май

Өнім дайын болғанда кейде техника бұзылып немесе жетіспей жататыны рас. Сондықтан диқандар егінін шашпай-төкпей жинап алуда техникаларды жалға алуына тура келеді.

– 2024 жылдың күзгі дала жұмыстарына 207 дана трактор, 70 дана комбайн, 14 дана жатка, 21 дана жүк көлігі, 52 дана тіркемелер қатыстырылды. 2024 жылғы күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін 1446 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, – деді бас агроном.

Жаңақорған ауданның шұғыл шығындарға арналған резервінен күріш егісімен айналысатын 8 ауылдық округтегі 52,6 шақырымды құрайтын 12 каналға 28,930 млн.теңге көлеміне тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар вегетациялық кезеңге дейін, яғни 31 наурызда толығымен аяқталды. Су шаруашылығы мекемесі арқылы Тайпақкөл каналының 3 шақырымы, Келінтөбе магистралды каналының бастауындағы құм жиналып қалатын аумақтың 1,4 шақырымы тазаланыпты. Аудан бойынша барлығы 37 насос қондырғысы болса, оның ішінде 28 дана дизельді, 9 дана электрлі насос жұмыс жасап тұр.

Қысқаша айтқанда, биылғы жұмыс көңілден шығады, ендігі мақсат жиналған өнім нарыққа толық жетіп, егінші қауымның еңбегі ақталса игі.
 

 

Әли ЖАРЫҚБАЕВ
 

Тағы да оқыңыз: