Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жылыту маусымының өту барысы және қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланды. Мәжіліске Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Облыстық мәжілістен кейін аудан әкімі жауапты сала басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Алдымен ауданның жылыту маусымына дайындығы мен оның тұрақты өту барысы қаралды. Аудан басшысы тұрғын үйлер мен өндірістік нысандардағы жылыту жүйелерінің жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала мекемелерінің қазандықтары мен инженерлік желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар қатты отын қорын жасақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл тамыз-қараша айлары аралығында ауданға 6 300 тонна көмір жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда көмір жеткізу жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз екенін айтқан аудан әкімі жауапты бөлімге тасымалдаушы операторлармен бірлесіп, көмір қорын толықтыру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Бұдан бөлек, Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер мен жатақханалардың жылумен қамтылуы, электр энергиясы, табиғи газ және ауызсу жүйелерінің тұрақты жұмысы талқыланды. Коммуналдық мекеме басшыларына инженерлік инфрақұрылым нысандарының жұмысын қатаң бақылауда ұстап, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Газ қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлердегі газ жабдықтарының техникалық жағдайын тексеруді, газ тұтынуды есепке алатын смарт-есептегіштерді орнату жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев елді мекендері табиғи газға қосылатынын атап өтіп, ауылдардағы әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді міндеттеді. Осы бағытта жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, қаржыландыру мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.

Жиында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері жеке қаралды. Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік нысандардағы өрт дабылы жүйелерінің, өрт сөндіру құралдарының және эвакуациялық жоспарлардың талапқа сәйкестігін қайта тексеру тапсырылды. Әсіресе I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнату жұмыстарын жеделдету, тұрғын үйлерді аралау барысында пештерді пайдалану, электр желілерінің қауіпсіздігі және газ жабдықтарын күтіп ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі айтылды.

Аудан әкімі жауапты бөлімдерге өрт қауіпсіздігі бойынша ақпараттық бейнероликтер әзірлеп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға кеңінен түсіндіруді де тапсырды. Аудан басшысы жылыту маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – жауапты мекемелердің басты міндеті екенін атап өтіп, барлық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Мәжіліс соңында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонының аудан бойынша орындалу барысы қаралды. Аудан әкімі марафонның барлық 8 бағыты бойынша қатысушылардың белсенділігін арттырып, кітап оқып, пікір білдіру көрсеткіштерін жақсарту қажеттігін атап өтті. Осы ретте барлық дербес бөлімдерге, мекеме-кәсіпорындарға және ауылдық округ әкімдеріне өздері үлгі көрсетіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысу, әлеуметтік желілерде оқыған кітаптары туралы жарияланымдар орналастыру және мекеме басшылары арасында челлендж ұйымдастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: