Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен автожол саласын дамыту мәселесіне байланысты мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысты. Аудан басшысы мәжілістен кейін арнайы жиын өткізіп, жауаптыларға күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жиын басталмас бұрын аудан басшысы кадрлық өзгерістерге тоқталып, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, 2026 жылдың 1 наурыз күні Өркендеу ауылдық округі әкімінің сайлауында халықтың басым дауысына ие болып, Өркендеу ауылдық округінің әкімі ретінде сайланған Қуанғали Қожахмет Мүбәракұлын таныстырып өтті.
Жиында алдымен автожол саласын дамыту барысы талқыланды. 2025 жылы аудандық маңызы бар және елді мекен ішілік жолдарды жөндеуге 2 млрд 802 млн теңге қаржы қаралды. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың 91 пайызы, ал елді мекен ішілік жолдардың 75,1 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілді.
Қазіргі таңда ауданда автожол саласында Қазалы қаласының көшелерін қайта жаңғырту, Әйтеке би кентіндегі бірқатар көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары және «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» аудандық маңызы бар автожолындағы «Қарлан» темірбетонды көпірдің құрылысы жүргізілуде.
Аудан әкімі биылғы жылға жоспарланған жол құрылысы жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алып, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жол қауіпсіздігі, қар тазалау, жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру және бағдаршамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету сынды мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Мәжілісте жол-көлік оқиғаларының статистикасы да сараланып, аудандық полиция бөліміне құқық бұзушылықтардың алдын алу және патрульдік қызметті күшейту қажеттігі жөнінде де тапсырмалар жүктелді.
Мәжілістің күн тәртібінде бұқаралық спортты дамыту мәселесіде қаралды. Соңғы жылдары аудан спорт инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын, алайда облыстық спартакиадалардағы көрсеткіштер көңіл көншітпейтінін атап өткен аудан басшысы аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейтов алдағы жарыстарда үздік үштікке ену міндетін қойды. Спорт нұсқаушыларын штаттық негізде қамту, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, ат спортын жандандыру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Жиында алдағы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастыру, 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға дайындық, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылау және көктемгі әскерге шақыру науқанын толық орындау сынды маңызды мәселелерде қозғалып, аудан әкімі салаға жауапты орынбасарларына жұмыстарды үйлестіріп, қатаң бақылауда алуды тапсырды.
