Kyzylorda-news.kz Кредит ақшаны тез алудың қол жетімді құралы болғанымен, әрдайым қарызды қайтаруға тура келетінін, оның үстіне пайызбен қоса қайтару керек екенін түсіну қажет. 

Кредиттік жүктемені дұрыс есептемеу отбасылық бюджетке айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Борыш жүктемесін қалай есептеуге және азайтуға болатыны жөнінде  Fingramota.kz-пен-бірге қарастыралық

Борыш жүктемесінің коэффициенті  

Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) – бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері мен қарыздары бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірісіне қатынасы. Банктер мен микроқаржы ұйымдарында кредиттер ресімдейтін азаматтар үшін бұл 50%-ды құрайды. Яғни, ай сайынғы төлем қарыз алушының ай сайынғы табысының жартысынан аспауға тиіс.

Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, қаржылық қиындықтар туындаған кезде олардың қарыз «құлдығына» түсу ықтималдығы соғұрым жоғары болуы мүмкін.

Оны есептеу формуласы мынадай:

БЖК = (Кредиттер бойынша жалпы ай сайынғы төлемдер / Орташа айлық табыс) × 100%

Есептеуге міндеттемелердің барлық түрлері — ипотекадан бастап микрокредиттерге дейін кіреді. Бұл ретте тіпті нақты пайдаланылмайтын кредиттік карталардың лимиттері де ескеріледі. Табыс ретінде тиісті құжаттармен расталған түсімдер — жалақы, шәкіртақы, зейнетақы, ДК-ның салық аударымдары және соңғы 6-12 айдағы басқа да ақпарат алынады.

Мысал: егер адам бірнеше қарыз бойынша айына 180 000 теңге төлесе, ал оның орташа айлық табысы 600 000 теңгені құраса, онда оның БЖК-і:

180 000 / 600 000 = 0,3 тең.

Бұл дегеніміз, кірістің 30%-ы борыштық міндеттемелерді өтеуге кетеді және мұндай деңгей Қазақстанда банктер мен МҚҰ үшін қолайлы болып саналады.

50%-дан жоғары —  жоғары кредиттік жүктеме, бұл жағдайда қарыз алушыға қарыз немесе микрокредит беруден бас тартылады.

Кредиттік жүктеменің қалай есептелетінін біле отырып, қарыз алуға алдын ала дайындалып, қаржы ұйымының шешімін болжауға болады. Бұл әсіресе қаржыландыруды жоспарлап, өздерінің төлем қабілеттілігін сауатты дайындау және бағалау арқылы мақұлдау мүмкіндігін арттырғысы келетін адамдар үшін өте маңызды.

Кредиттік жүктемені қалай азайтуға болады

Егер жүйелі түрді әрекет жасалса, кредиттік жүктемені азайту – бұл өте жақсы және нақты шешім. Барлық қарыздар мен бөліп-бөліп төлеуден бас тартудың қажеті жоқ. Бюджетті оңтайландыру, басымдықтарды қайта қарау және қолда бар міндеттемелермен жұмыс істеу жеткілікті.

  • кредиттік карталарды жабу немесе лимиттерді азайту – тіпті пайдаланылмаған карталар БЖК-ны арттырады;
  • қайта қаржыландыру арқылы бірнеше кредитті бір кредитке біріктіру;
  • ұсақ қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу – бұл ай сайынғы төлемдердің мөлшерін азайтады;
  • орташа айлық жалақы мөлшерін ұлғайту үшін бейресми кірістің бір бөлігін заңдастыру;
  • қажетсіз шығындарды қысқарту және қаражатты қарыздарды төлеуге жқмсау.

Аталған шаралар ағымдағы коэффициентті төмендетіп қана қоймай, қаржылық орнықтылықты жақсартуға көмектеседі. Қарыз алушының төлем қабілеттілігін есептеу жақсы жағына қарай өзгереді, яғни болашақ қарыздарды мақұлдау мүмкіндігі артады. Ең бастысы, борыш жүктемесін азайту енді сізде жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін көбірек бос қаражат болады дегенді білдіреді.

Кредиттік жүктеме 2.jpeg

Фото: fingramota.kz

Тағы да оқыңыз: