Коронавирус: Қызылорда облысында инфекция жұқтырған 21 науқас – бір отбасының адамдары – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Коронавирус: Қызылорда облысында инфекция жұқтырған 21 науқас – бір отбасының адамдары

05.04.2020, 11:15

1923 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 31 адамға жетті. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 31 науқас тіркелді. Екі науқас кеше, яғни, 4 сәуір, 16:45-те анықталды. Олар – Шиелі ауданының тұрғындары. 1998, 1999 жылғы қыз балалар. 1998 жылғы студент азаматша Петропавл қаласынан келіп, карантин тәртібін сақтамай, 1999 жылғы құрбысына жұқтырған. Ал, үшінші науқас бүгін таңертең анықталды. Ол – Қармақшы ауданының тұрғыны. 50 жастағы ер азамат осы инфекцияны алдында жұқтырған адаммен байланыста болған. Жалпы, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 31 адам, правизорлық стационарда – 33, карантинде – 272 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 31 науқаспен байланыста болғандардың саны – 740. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 254, потенциалды байланыста болғандар – 486 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен 8 адам келген. Оның барлығы үй жағдайында бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.

Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 142 адам келген. Оның төртеуі – стационарға оқшауланса, 142 – үй карантиніне алынған.

Жалпы, өңірде коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар санының күрт көбеюіне – облыс тұрғындарының карантин тәртібін сақтамауы себеп болып отырған көрінеді. Олар жасалған ескертулерге қарамастан әлі күнге дейін жиындарға баруды, отбасылық басқосуларды тоқтатпай, керісінше, үдете түскен. Оқшаулану тәртібіне мүлдем құлақ аспаған. Нәтижесінде, өңірде ең алғашқы коронавирустық инфекция анықталған адамнан сол отбасының 21 мүшесіне қауіпті індет жұғып үлгерген.

«Яғни, инфекция анықталған бір ошақтан 21 адам қауіпті індет жұқтырып отыр. Барлығы – бір отбасының адамдары. Өкінішке орай, карантин және оқшаулану тәртіптері мен талаптарын сақтамаудың соңы осыған әкеліп отыр. Қызылорда облысына шетелдерден келгендердің арасынан 2 адамнан, өзге өңірлерден келгендердің ішінен 3 адамнан қауіпті індет анықталды. Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа облыстардан келген студенттер карантин, оқшаулау талаптарын өрескел бұзуда. Бір ғана мысал, жоғарыда атап өткен Шиелі ауданының 22 жасар тұрғыны, студент Петропавл қаласынан келіп, құрбысына жұқтырған. Осы орайда ерекше қайталап атап өтетінім – карантин тәртібін қатаң сақтап, өзіңіздің де, өзгенің де өмірлеріне қауіп төндірмеңіздер», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны 30 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қызылорда облысына қауіпті аймақтардан 5000-нан аса студент келгенін де жазған едік.

0

Пікір қалдыру