Kyzylorda-news.kz. Әлсіздік, мазаның болмауы, ұйқысыздық, бүйрек, жүрек, өкпе жұмысының бұзылуы – барлығы коронавирус салдары.

Дәрігер адам ағзасында өзге де өзгерістер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тіпті кейбір дертті қоздырады. Мәселен, қант диабетіне шалдығу. Қауіпті вирустың қатерлі екенін содан да аңғару қиын емес. Әлемдік мамандар не дейді? Біздің елдің дәрігерлері ше?

Коронавирус жұқтырғандар қатары артқан сайын оның салдарымен күресушілер де көбейіп барады. Мәселен, елордадағы Ұлттық кардиохирургия орталығына қыркүйектен бері 70-тен асам адам осы мәселемен келген. Бәрінің шағымын жіті тексерген дәрігер Махаббат Бекбосынова оларға ортақ белгілерді атады. Оның айтуынша, көбінің күш-қуаты кеміп, әлсіздік пайда болған. Ал енді бірінің ұйқысы қашқан. 

“Бізге бір жас жігіт келді. Коронавирус жұқтырғанға дейін спортпен шұғылданып, белсенді өмір сүрген. Бірақ сол жігітіміз бүгінде сәл ғана дене жаттығуын жасаса болды, тез шаршап, ентігін қалады. Өзінің айтуы солай. Тексеріс жүргізген едік, жүрек бұлшық еттері зақымданғанын көрдік. Яғни миокардитке шалдыққан. Денсаулығын қалпына келтіру үшін оған ұзақ уақыт кешенді ем қажет”, – «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова.

“Әр науқастың жағдайын жеке-жеке талдап, соған сай ем тағайындау қажет. Ең маңыздысы – коронавирус жұқтырғанға дейін азамат қалай өмір сүргенін білу. Содан кейін, әрине, тыныс алу жаттығуларын жасап тұру керек”, – кардиолог дәрігер Александр Арутюнов.

Сондай-ақ коронавируспен ауырған азаматтардың 10%-інде сол күйі иіс пен дәм сезу қабілеті қалпына келмеген. Негізінен бұл ауруды ауыр өткендерде байқалады. Дәрігерлердің есебінше, қалыпты өмірге оралу үшін оларға әлі жарты жылдай уақыт қажет. Қауіпті дерттің сондай-ақ адам психикасына да жағымсыз әсері бар көрінеді.

“Сондықтан науқас психологиялық көмек алады. B, D топтарындағы дәрумендерді қабылдауы тиіс. Өйткені олар жүйке жүйесіне қажет. Көңіл-күй түссе, жақындарымызбен бірге бөлісіп, дәрумендер қабылдап, өзімізге өзіміз көмектесе аламыз. Нақты нәтиже байқалмаса, арнайы маманға барған дұрыс. Ең бастысы, дұрыс тамақтану, ұйқы уақытын сақтау, режимді сақтау. Сол кезде иммунитет көтеріледі”, – қоғамдық денсаулық сақтау маманы Маржан Мырзалы.

Мамандардың айтуынша, коронавирустың адам денсаулығына әсері орасан. Сондықтан әсіресе созылмалы ауруы бар жандар аса абай болғаны жөн. Ал коронавируспен ауырған адамнан қант диабеті белгілерінің табылуы медицина қызметкерлерінің төбе шашын тік тұрғызды.

“Бұл біз үшін ғана емес, әлем медицинасы үшін жаңалық болды. Бұрын ауырмаған, тіпті тұқымында бұл аурумен ауырған адам болмаған жандар қант диабетіне шалдығып жатыр. Сондықтан коронавирус біз ойлағаннан да қауіпті болып шықты. Қазақстанда қазір дәл осындай үш пациент бар. Оның екеуі дәрімен емделіп жатса, біреуіне, өкінішке қарай, инсулин тағайындауға тура келді“, – «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова..

Осылайша ақ халаттылар алдында бүгінде аурудан туған ауруды азайту міндеті тұр. Жалпы постковидтік синдроммен қазір бүкіл әлем күресіп жатыр

«Себебі коронавирус – адамзатқа төнген үлкен қауіп», – дейді шетелдік сарапшылар.

“Коронавирус бүйрек пен репродуктивті жүйені зақымдайды. Вирус AC2 рецепторы арқылы жасушаға енеді. Ал бұл рецептор бүйрек пен ер адамның жыныс мүшесінде көп. Коронавирус қан арқылы ағзаға түгелдей тарайды. Егер вирус үлкен көлемде енсе, сәйкесінше ағза көп зақымдалады. Ұрпақ жалғастыруға қабілетті жүйеге вирустың қаншалықты әсері ететінін қазір нақты айта алмаймыз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстары жүріп жатыр”, – Бейжің университеті жанындағы госпитальдің инфекциялық бөлім меңгерушісі Ван Гуйцян.

Отандық дәрігерлер де коронавируспен күрес нәтижелі болу үшін кешенді ғылыми жұмыс атқарылуы керек дегенді айтады. Қазір бұл бағытта елімізде арнайы жоба іске асып жатыр. Оған сәйкес коронавирустан кейін де өзін жайсыз сезінген жандар квота арқылы тиісті ем-дом ала алады. Бастапқыда мұндай орталықтар амбулаторлық мекемелерде, кейін барлық емханада ашу жоспарланған.

«Дегенмен өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалудың ең оңай жолы – қарапайым сақтық шараларын мұқият ұстану», – дейді мамандар.

24 kz

Тағы да оқыңыз: