Kyzylorda-news.kz Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының мерзімдерін кеңейту жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген.
Оның барысында тараптар Кореяда заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтарға айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті қоныс аудару бағдарламасының мерзімдерін кеңейтуге уағдаласқан.
Қазақстандықтар бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін (ақпан айын қоса алғанда) пайдалана алады.
"Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды", - делінген хабарламада.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады.
Бұл заңсыз көші-қон, елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Фото: freepik.com
