Kyzylorda-news.kz. Қызылордада облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен шығармашылық кеш өтті. Кеш еліне, туған өлкесіне еңбегі сіңген корей этносының ардагерлеріне арналды.

Кеште корей этномәдени бірлестігінің дамуына үлес қосқан мәртебелі қарттардың өмірі ұлықталды. Солардың бірі Софья Николаевна. Ол 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған. Көп қиындықтарды жеңіп, 1965 жылы Сыр өңіріне қоныс тепті. Бірнеше жыл қатарынан аяқ-киім фабрикасында еңбек етіп, ел дамуына қолынан келгенше үлесін қосты. Өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін мәртебелі марапаттарға ие болды. Корей қауымдастығының құрылу жолында да өз ықпалын тигізді.

«Талай тауқыметті басынан өткерсе де еш мойымаған, қоғамдағы белсенділігімен құрметке бөленген Ольга Лазаревнадай жайдары, жаны жайсаң жан сирек. Ол да 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылып, балалық шағын Шиелі ауданында өткізді. 1953 жылы Свердлов мемлкеттік университетінің Тарих және филология факультетінде оқып, білім алды. Бірнеше ұрпақты білім нәрімен сусындатып, оларға өмірлік жол көрсетті. Қазыналы қартымыздан әлі де үйренеріміз мол. Өмір жасыңыз ұзақ болсын, Ольга Лазаревна.
Балалық кезінен әнге құмар Полина Михайловнаның біз үшін орны ерек. Ол 1961 жылы Қызылордаға келіп, еңбек жолын тігін фабрикасында бастаған. Сонымен қатар жексенбілік мектептерде корей тілінен сабақ берген. Корей қауымдастығының белсендісі ерен еңбегі үшін медаль, грамота иегері атанған. Осы күнге дейін корей этномәдени бірлестігі ұйымдастырған әрбір мазмұнды шараларға өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі сахнамыздың төрінде отырған сіздердей жандарға деген біздің құрметіміз шексіз», – деді «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Юрий Ким.

Жүректі жылытар естелікке толы күні әсем ән, әдемі би барлығы да болды. «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким сөз сөйлеп, қонақтарға сый-сияпат жасады. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар да шығармашылық кештің кейіпкерлерінің құшағын гүлге толтырды.

Тағы да оқыңыз: