Kyzylorda-news.kz. Конституциялық Сотты құру туралы ұсыныс алғаш рет 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Сол уақытта Президент елімізде Конституциялық Кеңес бар екенін, алайда азаматтардың оған тікелей жүгіну мүмкіндігінен айырылғанын атап өтті. Бұған қатысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң магистрі Жадыра Шукенова өз пікірін білдірді.
Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоса алғанда, барлық азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Бұл туралы ҚР конституцияның 72 бабының 4,5- тармақшаларында айқылдалған.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік билік институты – Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты іске қосылды. Оның қызметінің құқықтық негіздері «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII ҚРЗ Конституциялық заңымен реттеледі.
Конституциялық Сот тек құқық мәселелерін шешеді және өтініш жасауға себеп болған нақты жағдайларға баға бермейді. Яғни, заңға сәйкес, Конституциялық Сот азаматтарға Конституциялық заңнамаға сәйкес келмейтін заңдар мен шешімдерге қарсы шығуға мүмкіндік береді, осылайша оларға өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Азаматтар ҚР Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігіне күмән келтіруі мүмкін.
Осылайша, Конституциялық сот - бұл елдегі Конституцияны сақтаудың маңызды кепілі. Басқаша айтқанда, бұл барлық заңдар мен басқа да ережелер Конституцияға қайшы келмейтінін қамтамасыз ететін құқықтық институт.
Алайда, Конституциялық сотты құру-азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға басымдық берілетін неғұрлым әділ қоғамға жасалған маңызды қадам болып табылады.
