Kyzylorda-news.kz Бүгін Сырдария ауданында аумақтық коалиция мүшелері Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы, Жадыра Бағдатқызы, Абылайхан Қилымханов, Абай Мейрамбеков білім саласы өкілдерімен кездесу өткізді. Онда жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар, педагог мәртебесін нығайту және білім сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Коалиция мүшелері Конституциялық өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде білім беру жүйесіне де тікелей әсер ететінін жеткізді. Референдум – халық еркін білдіретін маңызды демократиялық тетік екенін айтып, әр азаматтың белсенді ұстанымның маңызына тоқталды.
Коалиция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жаңа Конституция жобасында сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру, білімнің қолжетімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету, педагог мәртебесін арттыру мәселелері нақты көрсетілгенін атап өтті. Бұл өз кезегінде ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білім беру жүйесінің сапасын көтеруге оң ықпал ететенін жеткізді.
Кездесуде коалиция мүшелері жаңа Ата заң жобасы қоғамдағы маңызды реформаларды іске асыруға негіз болатыны жөнінде бірқатар пікірлерімен бөлісті. Сала өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, қойған сауалдарына жауап берді. Әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, саналы таңдау жасауы маңызды екенін атап өтті.
Білім саласы өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты, конституциялық реформаларды және жаңа бастамаларды қолдайтындықтарын айтты.

