Kyzylorda-news.kz. Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ - Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынының табиғи ошақтары болып саналады.
Аймақта аса қауіпті ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 2021 жылы 12 дерегі тіркелсе, 2022 жылы 20 науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланған. Аумақтар кесімінде айтатын болсақ, Сырдарияда - 5, Жалағашта - 4 Шиеліде - 4, Жаңақорғанда - 3, Қармақшыда -1 және Қызылорда қаласында 3 жағдай орын алған. Инфекцияны жұқтыру көзі ретінде барлық жағдайдың 45проценті - кене шағумен, 25 проценті - мал күтімімен, 15 проценті - ауылшаруашылық жануарларын союмен және 10 проценті - науқасқа күтім жасаумен байланысты болған. Бұл туралы Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Аймағымызда биыл 106 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 елді мекенге азайғандығын көрсетеді, былтыр 116 елді мекен есепке алынған болатын.
Бүгінгі күні ауыр ағымда өтетін аурудың алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл қолайсыз деп танылған 106 елді мекенге залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп жоспарланып отыр. Кенеге қарсы дәрілеу аясында 30824 мал қора, 0,68 шаршы жерді құрайтын буферлік аймақтар және барлығы 556052 бас мал басы қамтылатын болады.
Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз.
Бұдан бөлек, 2023 жылдың наурыз айының 2-ші онкүндігінен зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 5220 дана кене жиналды, оның 443-і – елді мекеннен, 696-сы – ауылшаруашылық жануарларынан, 4048-і – табиғаттан, 33 данасы ауру ошақтарынан жиналды. 559 кене зерттеумен қамтылып, оң нәтижелер анықталған жоқ.
Ағымдағы 2023 жыл басынан бері 46 адам кене шағу жағдайларымен медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 2 адамның дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылды, екеуі де Шиелі ауданының тұрғындары. Алайда екі күдікті жағдайда диагноздары зертханалық жолмен нақтыланған жоқ, мамандардың консилиумымен диагноз өзгертілді.
Бүгінгі күні облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және тағы басқа қажетті құрал-жабдықтар қоры жасақталды.
Көктем келіп, күн жылына басталысымен кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, КҚГҚ ауруын жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен обаға қарсы күрес қызметі мамандарынан құрылған жұмысшы топ емдеу мекемелерінің аса қауіпті ауру тіркелген кездегі дайындық барысын, мамандар біліктілігін мониторингілеп, әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, кене шаққан кезде, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажеттігі туралы тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізуде.
