Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудандағы коммуналдық салалардың тұрақты жұмыс жасауы мен сұйытылған газ мәселесіне байланысты арнайы мәжіліс өткізді. Жиында тиісті сала басшыларына тұрғындарды сұйытылған мұнай газымен тұрақты қамтамасыз ету және коммуналдық салалардың үздіксіз жұмыс жасауына байланысты нақты тапсырмалар жүктелді.
-Коммуналдық қызметінің қашанда сапалы болуы маңызды. Себебі халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Халықтың электр жарығы мен ауыз сумен, жылумен қамтылуы кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар аудан аумағындағы барлық операторлардың газ қорына мониторинг жүргізіп, қолдан газ тапшылығын болдырмау үшін талон арқылы сату және газ бағасына зерделеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Шұғыл түрде ауданға газ отынының жеткізілуін қамтамасыз етіңіздер, халықты газбен толық қамтуда ешқандай мәселе болмауы тиіс, - деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жиында аудан басшысы аудан орталығы мен ауылдық округтердің де тазалық мәселесіне байланысты бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, аталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ тазалық жұмыстары, қоршаған ортаны таза ұстау, туған жерімізді көгалдандыру, абаттандыру тұрғындардың күнделікті әдетіне, өмір салтына айналуы тиіс екендігін атап өтті.
