Kyzylorda-news.kz. Кеше «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпаздарын анықтайтын комиссияның қорытынды отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қатысты. Қоғам белсенділерінен жиналған тәуелсіз комиссия облыстың ауылдарын аралап, әрқайсысының даму қарқынына баға берді.
Ауыл – ел әлеуетінің арқауы. Мемлекет басшысы 2023-2027 жылдар аралығында ауылдық аумақтарды дамытуға арналған Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Мұндағы мақсат – ауылдарды дамыту, қолайлы орта қалыптастырып, өмір сүру сапасын жақсарту.
Облыс әкімінің бастамасымен өтіп жатқан «Үлгілі елді мекен» конкурсы ең алдымен ауылдарды дамытуға, тазалық пен көгалдандыру ісіне ынталандырады. Жүлде қоры аз емес, конкурс жеңімпаздарына ұсынылатын коммуналдық техникаларға облыстық бюджеттен 467 млн теңге бөлініп, олар алынған.
Нақтырақ айтсақ, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 1-орын алған елді мекенге 4 техника (қоқыс таситын көлік, жол тазалағыш жүк көлігі, ассенизатор машинасы, кран манипуляторы), 2-орын иегеріне 3 техника (қоқыс таситын көлік, жол тазалағыш трактор, ассенизатор машинасы), 3-орынға 2 техника (жол тазалағыш трактор, ассенизатор машинасы) беріледі. «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 1-орынға 2 техника (жер қазатын трактор, жүк тасымалдаушы көлік), 2-орынға 2 техника (жер қазатын трактор, трактор тіркемесі), 3-орынға 1 техника (трактор) сыйға тартылады. Ал «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясында 1-орынға 3 жоба (сквер, спорттық ойын алаңдарын салу, көше-аулаларды жарықтандыру), 2-орынға 2 жоба (балалар және спорттық ойын алаңдарын салу), 3-орынға 1 жоба (сквер салу) берілмек. Бәйгенің тартысты өтері алдын ала белгілі болған. Конкурсқа 24 ауыл, 7 кент, 1 қала және Қызылорда қаласының 3 шағын ауданы қатысуда.
Отырыс барысында қала және аудан әкімдері конкурсқа қатысушы елді мекендерде кейінгі жылдары атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларын айтты, яғни, әр елді мекеннің жүлдеге лайық екенін дәлелдей алатын жобалары болуы тиіс. Ол үшін әкімдер арнайы дайындалған 3 минуттық бейнежазба көрсетіп, атқырылған істерді толық айтты. Комиссия мүшелері ұсынылған құжаттармен толық танысып, жұмыстарды саралап, тиісті хаттамалық шешім шығарды. «Үлгілі» атанған елді мекендер алдағы уақытта облыс әкімінің қатысуымен өтетін салтанатты шарада марапаталады.