Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия және облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстары өтті. Комиссия отырыстарына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалар мен көтерілген мәселелерді аудан көлемінде нақтылау мақсатында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың кезекті отырыстарын өткізді.

Алғашқы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысында 2026 жылдың алғашқы 6 айындағы құқық бұзушылық деңгейі сараланып, жекелеген қылмыс түрлері бойынша өсім көрсеткіштері талқыланды. Атап айтқанда, интернет алаяқтық, алаяқтық, аса ауыр қылмыстар және меншікке қарсы құқық бұзушылықтардың арту себептері жан-жақты қаралды.

Аудан әкімі құқық қорғау органдарымен қатар кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе азаматтар арасында масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы жайында тұрғындарға кеңінен түсіндірме жұмыстарын жандандыру, оған жергілікті ақсақалдар, қоғамдық кеңес мүшелерін, учаскелік полиция инспекторланын белсенді жастарды жұмылдыру, профилактикалық рейдтер ұйымдастыру, интернет алаяқтық пен мал ұрлығының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Комиссия барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі кепілі екендігі туралы айтқан тапсырмалары басшылыққа алынатынын ерекше атап өтті.

Келесі кезекте аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысына жалғасты.

Күн тәртібінде білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды.

Аудан әкімі білім беру ұйымдарында ашықтық пен әділдік қағидаттарын қатаң сақтау, қызметкерлерді марапаттау, кадрлық шешімдер қабылдау барысында заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен балабақшаларда құқықтық түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуін тапсырды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы, азаматтарды жұмысқа қабылдау, еңбекке жарамсыздық парақтарын рәсімдеу, квота бөлу мен өзге де мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мәселелері көтерілді.

Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық дербес бөлім басшыларына, кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне ішкі талдау нәтижелері бойынша нақты ұсыныстар енгізуді, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен мерзімдерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін заңнама талаптарына сәйкес уақтылы қарау, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жүктеді.

Жиын соңында аудан басшысы «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыру – барша мемлекеттік қызметшілердің ортақ міндеті екенін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: