Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы педагогикалық жоғары колледжінің базасында студенттермен мерзімді әскери қызметті насихаттау және әскери оқу орындарына түсу бағыты бойынша кешенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Шараға Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Е.С. Өткелбаев, «Қарулы Күштері ардагерлері» РҚБ филиал төрағасы, отставкадағы подполковник М.С.Ршауов және Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма инспекторы А.Ж.Бердібаева қатысты.

Кездесу барысында мерзімді әскери қызметтің келесі маңызды бағыттары егжей-тегжейлі баяндалды:

Білім беру саласындағы жеңілдіктер:

Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар үшін еліміздің жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, ақылы негізде түсуге мүмкіндік беріледі. Ал қызмет барысында жоғары көрсеткіш көрсеткендер мемлекеттік білім беру грантын (тегін оқу) иелене алады. Бұл — педагогикалық мамандықтың жоғары курстарында оқитын немесе бітіруші түлектер үшін үлкен мүмкіндік.

Қаржылық қолдау (Несие каникулы):

Әскерге шақырылған азаматтардың мерзімді қызмет атқару кезеңінде және одан кейін 60 күн ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы несиелері бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жеңілдік сарбаздың отбасына түсетін қаржылық жүктемені азайтады.

Әлеуметтік кепілдіктер:

Мерзімді әскери қызметшілер толықтай мемлекет есебінен киім-кешекпен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мерзімді қызметтен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасуға немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге басымдық беріледі.

Жоғары әскери оқу орындары:

Студенттерге еліміздегі және шетелдегі мамандандырылған әскери институттарға түсу талаптары, оқу кезіндегі толық мемлекеттік қамтамасыз ету және болашақ офицерлік мансаптың артықшылықтары туралы ақпараттық парақшалар таратылды.

Мақсат — болашақ педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды Отан алдындағы борышты өтеудің маңыздылығымен таныстыру.

Тағы да оқыңыз: