Фото: egemen.kz
Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жұмыс барысында анықталғандай сабақ өтетін орындар талапқа сай емес. Тапсырыс алушылар үйірме үшін жасақталған ғимараттарда бейнебақылау, өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатпаған. Сонымен қатар үйірмеге қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталмағаны да белгілі болды. Белгіленген мекен-жайдан көшіп кеткен жағдайлар да кездескен. Бақылау барысында балалардың көрсетілген саннан кем болуы немесе мүлде болмауы орын алған.
«28 тамыз - 4 қыркүйек аралығында шығармашылық бағытта 23 өнім берушінің жұмысы зерделенді. Анықталған кемшіліктер бойынша құқық қорғау органдарына хат жолданып, өнім берушімен жария офертаға сәйкес келісім-шарт біржақты бұзылатын болады», - делінген аталған басқарманың хабарламасында.