Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының жанынан құрылған «Таза тіл» тобының жылдық жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N151 Заңының 21-бабына 29 желтоқсан 2021 жылы енгізілген өзгерістерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
«AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының жанынан құрылған «Таза тіл» тобының құрамында «Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі» КММ, «Қазалы ауданының кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп» КММ, «Жастар ресурстық орталығы» КММ, «Әйтеке би кенті әкімі аппараты» КММ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық филиалы, «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ бар.
Көрнекі ақпараттар көп шоғырланған Әйтеке би, Р.Бағланова, Жанқожа батыр, Қ.Пірімов көшелері мен базар, вокзал маңындағы дүңгіршектерге кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарын түсіндіру барысында барлығы 30-дан астам кәсіпкерлік объектілерді аралап, оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бап талаптары жазылған парақшалар таратылды.
Жоғарыда аталған кәсіпкерлік ғимарат иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заңға қайшы жарнамаларды ауыстыру қажеттігі ескертілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Кәсіпкерлік нысан иелері Сіздерге, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпараттарды жазу барысында әдістемелік көмектер тегін көрсетіледі.
