Kyzylorda-news.kz. Апта басында жалағаш ауданына қарасты аққұм ауылдық клубында алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы мағжан жұмабаевтың 130 жылдығына орай «мен жастарға сенемін» көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өтті. Байқауға қатысқан барлық үміткерлер ақынның шығармаларынан сыр шертіп, өлеңді көркемдеп оқу арқылы сөзден маржан терді. ал аталған байқауға куә болған аққұмдықтар сыршыл ақынның өлеңдерінен рухани азық алды.

Жалпы, қазақ поэзиясында лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік пен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын – Мағжан Жұмабаев. Мағжан поэзиясының тақырыбы әр алуан. Өзі өмір сүрген жаңа ғасыр басында Мағжан бармаған, ол жырламаған тақырып жоқ деуге болады. XX ғасырдың басында әдебиет әлемінде қатар қанат қаққан ақындардан Мағжан Жұмабаевтың басты ерекшелігі өлең өрімінің өзгеше сұлулығы мен саздылығының ерекше үйлесім табуында. Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы ұлы – Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанмен өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп ізденген жан.

Ал қазақ өлеңінің ұлттық бояуыменен рухын ұстана отырып, оны түрлендіріп айтқан, адам жанының сұлулығы мен сыр сымбатын жырлаған, осылайша қалың оқырманның жүрегіне жол ашқан халқының білікті де парасатты ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай өткен «Мен жастарға сенемін» көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауында 15 үміткер өлең оқып, екі кезең бойынша бақтарын сынады. Байқау шымылдығы Мағжан Жұмабаевты сомдаған өнерпаздың өлең оқуымен ашылды. Мұнан соң «Бал-бала» би тобының «Наркескен» биін тамашалап, онан ары үміткерлердің өнеріне кезек берілді. Ал қазақ өлеңін зергерлеп, елдің жүрегінен орын тапқан, жастардың жігеріне қанат бітіріп «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан ақынның шығармашылығына тоқталған Аққұм ауылының әкімі Алтынбек Асанбеков байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. 

Ақынның 130 жылдығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына «Руханият орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бөлім басшысы, аудандық мәслихат депутаты, Қазақстан жазушылар орталығының мүшесі, әділ-қазы алқа төрағасы Қуат Адисұлы, Алдаберген Бисенов атындағы № 38 орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалім Жанар Шілдебаева, Мәдениет саласының үздігі, аудандық мәслихат депутаты Гүлжайна Айтжанова қазылық етті. 

Байқау нәтижесімен Бас жүлдені Мәдениет ауылынан Мақсұт Ақзере, жүлделі І орынды Аққыр ауылынан Бекасыл Дінмұхаммед, жүлделі ІІ орынды Аққұм ауылынан Жандосұлы Думан, жүлделі ІІІ орынды Далдабай ауылынан Алдаберлі Айда және Таң ауылынан Жасұлан Нұрдидар иеленсе, С.Торайғыров атындағы арнайы жүлдені Ақсу ауылынан Мұхамбетжанқызы Зияда, Т.Жүргенов атындағы арнайы жүлдені Есет батыр ауылынан Әділбек Сұлтан иеленді. Қатысушы өнерпаздардың барлығы 1986 жылы туылған түлектердің демеушілігімен Диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, байқаудың өз дәрежесінде өтуіне 1986 жылы туылған 2003 жылғы мектеп бітіруші түлектер демеушілік етті. 200 000 теңге көлемінде сыйлықтар мен қаржылай демеушілік жасап, барлық қатысушыларды құралақан қалдырмады. 

Мағжан Жұмабаев – поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құ¬былыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. Ақынның егемен еліміздің ертеңгі қызметін атқарар лайықты тұлға – ол жастар екенін ескеріп, «Мен жастарға сенемін» өлеңінде елдің қалыптасуына жастардан үлкен үміт күтіп, аманат сенім артқанын білеміз. Кеше ақыны «Мен жастарға сенемін» деп жырласа, байқау барысында бүгінгі буын ақын аталарының сенімінен шығуда, қазақ өлеңінің қалың қазақ жүрегінен орын табуы үшін барын салды. Шеберліктерін, талантын, ынта-жігерін қабілетімен ұштастыра білген үміткерлердің қай-қайсысы да бас жүлдеге лайықты болды. Бірақ байқау болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Бастысы қазақ әдебиетінің, поэзиясының тереңдігіне, құдіреттілігіне тағы бір куә болдық.

Тағы да оқыңыз: