Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық деңгейдегі мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен мазмұндық үйлестіруді көздейтін көркемдік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары, кеңес жетекшісі Н. Бохаев маусым айындағы маңызды мерекелер мен жоспарланып отырған шаралардың аудан халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, дайындық барысын бағамдады. Атап айтқанда, 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күні, 19 маусым – Медицина қызметкерлері күні, 23 маусым – Полиция және мемлекеттік қызметшілер күні, сондай-ақ, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай өтетін мәдени іс-шаралар легі нақтыланды.
Сонымен қатар, жиын аясында аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан «Руханият» орталығының ашылу салтанатына дайындық барысы қаралды. Кеңес мүшелері орталықтың ашылуын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, салтанатты шарада ұлттық болмыс пен заманауи рухани құндылықтардың үндесуіне баса мән берілу қажеттігін атап өтті.
Кеңес отырысында көтерілген барлық ұсыныстар мен бастамалар зерделеніп, аудан әкімінің қарауына ұсынылатын болады.