Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жалпы сенбілік жалғасуда. Санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына облыс, аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, игі іске өз үлестерін қосты.
Жалпы сенбілікке 120 мыңнан астам адам – еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының, түрлі мекемелердің қызметкерлері жұмылды. Тазалық шараларынан соң 3 900 тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды.
Саябақтар мен скверлер, тарихи-мәдени ескерткіштердің, әлеуметтік, өндірістік және кәсіпкерлік нысандарының маңайы, сондай-ақ су көздері мен көше бойы тазаланды. Бұл жұмыстарға 900-ден астам арнайы техника тартылды.
Жыл басынан бері облыс аумағына өңірдің климатына бейімделген 92 890 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде қарағаш, терек және Сыр талы бар.
Экологиялық акция аясындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Өңірде бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі