Kyzylorda-news.kz. Самарқанның көк тасы еріп, күн жылына бастаған тұста жергілікті халық егіннің қамына кіріседі. Одан бөлек, қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыру қоғамның алдына қойған бұлжытпас қағидасы болуға тиіс. Шындығында, табиғатты аялап, барынша қорғап қалу – өзекті мәселе болып табылады. Негізінен, көпшілік осы мезгілде ағаш егуді әдетке айналдырғаны дұрыс.

Ақиқатында, ислам дінінде тал егуді сауапты іске жатқызады. Сауапты іске атсалысқан әрбір адам Алла Тағаланың рақымына бөленіп, ризашылығын алатыны рас. Мәселен, уақытында отырғызылған ағаштың жемісін адаммен қатар, жануар мен жәндікте жесе, мол сауапқа кенеледі екен. Осы тұста, ата-бабадан келе жатқан игі дәстүрді бұлжытпай орындап келе жатқан бағбанның ниеті асыл. 

Әрбір  үйдің ауласында бүршік жарған жеміс ағашының көптігі – айналаға ерекше сән беретіні рас. Жердің тоңы жібіп, шыбық қадап, ағаш отырғызуға атсалудың өзіндік мәні бар. Өз кезегінде табиғат жанышырлары егілген талдың обалына қалмау керектігін жиі ескертеді. Ең алдымен, тал егуге қолайлы жердің  құнарлығын тексеріп алған жөн. Жыл сайын жері құнарсыз аулалар, бақтарға көшет отырғызудың пайдасы шамалы.

Қазіргі уақытта Тереңөзек кенті бойынша көшелердегі талды қырқу жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге өткен жылы шығымы аз болып, жерсінбеген ағаштардың орнына тал егу қолға алынуда.

Асылында, әкеден қалған ізгілікті істі жалғастырып келе жатқан жандар арамызда баршылық. Олардың қатарында кент тұрғыны Қонысбек Пернебаев бар.

– Шындығында, көпшілік есіктің алдындағы жерді қоп¬сытып, ағаш егуді қолға алғаны құптарлық жағдай. Жеміс ағашы көп күтімді қажет етеді. Өзімізге әкеміз талай ағаш егудің қыр-сырын үйрете білді. Көзі тірісінде әкеміз Қалжан ахун және Оспан Мәлібаев ауылында тал егуді қолға алды. Жайқалған жеміс ағаштарын баптады. Үлкендер қауымы әкемнің баптауында болған талдардың жайқалып өскендігін естелік ретінде айтып отырады. Бұл ретте, «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген тәмсілдің жаны бар секілді. Әкеммен замандас болған ел ағаларының айтқан сөздерін жадымда тоқимын. Осы күні ауламыздағы әкеміз еккен жеміс ағашын жаңартып, жыл сайын күтіміне қарап келемін. Расында, жемісін өзіміз¬дің ұрпағымыз көретін ағаштың өсуіне ерік-жігіремізді арнаған дұрыс. Әрине, әкеден мұра ретінде қалған сауапты істің басы-қасынан табылу – мен үшін абыройлы борыш. Алдағы уақытта жеміс ағаштарының түрлерін көбейтуге күш саламын, – дейді кент тұрғыны Қонысбек Пернебаев.

Қазіргі уақытта көшет егілсе, көктеп кетеді. Сондықтан ағаш егу ісіне әрбір адам атсалысса, айналамыз көркейіп, гүлденеді.

Тағы да оқыңыз: