Kyzylorda-news.kz Сыр елінің орталығы болған Қызылорда қаласы күннен-күнге жасарып, жайнап келеді. Соңғы жылдары қаладағы құрылыс саласы белсенді дамып келеді. Қала келбетін ашқан әсем ғимараттар, қала тазалығы бүгінгі арайлы Қызылорданың ажарын ашқандай.
Бүгінде қала бюджеті артып келеді. Бюджеттің бүйірі тоқ болса, қала тіршілігінің өңі кіре беретіні анық. Биыл да қала бюджетіне көңіл толатындай. Жыл басында қала бюджеті 58,2 ммиллиард теңгемен бекітілген еді. Президенттің, Үкіметтің қолдауының арқасында және облыс әкімінің үйлестіруімен бүгінде бюджет көлемі 107,9 миллиард теңгеге жетіп, 49,7 миллиард теңгеге артты. Айта кетелік, қала бюджетінің 70 пайыздан астамы құрылыс, жол және коммуналдық шаруашылық саласына бағытталса, мұнан бөлек әлеуметтік қамсыздандыру саласына басымдық берілген.
Қала бойынша барлық сала көрсеткішінде өсім бар екенін нақты сандар арқылы көз жеткізуге болады. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 айда 167,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 57,7 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 45 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 3,2 пайызға, бөлшек сауда көлемі 278,3 миллиард теңгені құрап, 4 пайызға артқан. Қалаға қарасты шаруашылықтарда егін еккен елдің еңбегі де нәтижесіз емес. Биыл 8 298 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, қазіргі таңда 3 856 гектар күріш толығымен орылып, бастырылды. Орта өнім 51,5 центнерді құрап отыр. Мал шаруашылығында да айтарлықтай өсім бар екені байқалады.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 34643 нысан тіркелген. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың игілігі арқасында шағын кәсіп өркен жайып келеді. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында облысқа 4,6 миллиард теңге қаралып, оның 612,8 миллион теңге қаржы Қызылорда қаласына лимит түрінде берілген. Бүгінде «Байқоңыр» АҚ арқылы 142,13 миллион теңгеге 16 жоба мақұлданып, оның 111,8 миллион теңгені құрайтын 12 жоба қаржыландырылған. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымының бақылау кеңесінің шешімімен қала бойынша 447,3 миллион теңгенің 18 жобасы қолдау тапқан. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін «Даму» қоры арқылы субсидиялау жалғасуда. Жыл басынан бері 12,8 миллиард теңгені құрайтын 361 жоба субсидияланған.
Өңірде айрықша атап айтар дүние баспана мәселесі. Құрылыс алаңына айналған Сырдың бас шаһарында жыл бойы қоныстой тойланып жатады. Кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысының қарқын алғанының нәтижесін тұрғындар сезінуде. Бүгінде қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Тұрғындардың талап-тілектеріне орай мақсатты шараларды жүзеге асырып, жайлы баспана ұсыну үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде, 3139 пәтерлі 58 тұрғын үй бюджет есебінен, 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынуда. Жыл соңына дейін 7 қабатты 10 үйдің жоба-сметалық құжаттарын және сараптама қорытындысын алу жоспарлануда. Қалада жыл басынан бәрі 1323 пәтер кілті табысталса, жыл аяғына дейін 1390 пәтерді ел иглігіне табыстау жоспарлануда. Сондай-ақ қала үшін өзекті мәселенің бірі – апатты үйлер жайы болса, бұл түйін де шешіліп келеді.
Бүгінде қалада 68 тұрғын үй апатты деп анықталған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегіне 673 отбасы тіркеуде тұр екен. Бұл ретте биыл 135 отбасыға жаңа пәтер табысталып, тұрғын үй кезегінен шығарылмақ. Былтырдан бастап қолға алынған жаңа бастаманың бірі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту ісі. Көп қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы да тұрғындар көңілінен шыққан игі істің бірі. Көп қабатты үйлерді жаңғырту жұмысы биыл да жалғасын тапты. Өткен жылы 773,8 миллион теңгеге 12 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе, биыл 21 тұрғын үйді қайта жаңғырту үшін 1,9 миллиард теңге қаржы қаралып, бүгінде 18 үйге қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасын таппақ.
келер жылға 20 көпқабатты тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2,2 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған.
Қалада қаншама көше қайта жөнделіп, кеңейіп, тақтайдай тегіс жолдар қала көркі ғана емес, ел игілігіне қызмет етері сөзсіз. Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 36 миллиард теңге қаржы қаралып, 99 көшеге жол салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін шаһарға кіретін күретамыр жолдардың барлығына мән берілуде. Осы ретте әуежай жолы мен Шиелі ауданынан кіре беріс жолдарға кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-кономикалық негіздеме дайындалуда. Еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Қаланың магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілуде. Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылып, 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жол жөндеу және жаңа жол құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта жаңа жол құрылысы салынды. Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарланған. Қалада жаяу жүргінші жолы мәселесі де шешімін тауып келеді. Биыл 2,3 миллиард теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жұмысы да жүйелі жүргізіліп келеді. Шынында, кейінгі жылдары Қызылорда қаласы тұрғындарға қолайлы қалаға айналды десек артық айтқандық емес. Халыққа жайлы қала қандай болу керек? Инфрақұрылым мәселесі шешілген, қауіпсіз қала тұрғындар үшін қолайлы. Әкіммен кездесу барысында да тұрғындардың ең басты сауалы инфрақұрылым жайы екенін көріп те, жазып та жүрміз. «Көгілдір отын», жарық, су, жол жайы шешімін тапса, тұрғындар арманы орындалғаны. Бұл қажеттіліктер Сырдың бас шаһарында жыл сайын шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, «көгілдір отын» тарату мақсатымен 1,2 миллиард теңгеге Ақжарма елді мекенін, 3,1 миллиард теңгеге Сабалақ саяжайын және 689,2 миллион теңге қаржыға қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жұмысы жүзеге асуда. Сондай-ақ қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округі және Бірқазан елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізілген. Ал қаланы электр энергиямен қамту бағытында құны 4,8 миллиард теңгеге 9 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейін 64 пайыздан 62 пайызға дейін төмендемек.
Облыс орталығында 85131 тұтынушыға күнделікті 72 мың текше метр ауызсу өндіріліп, тұрғындар орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілуде. Биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асуда.
Ыстық судан күдер үзген қалалықтар үшін бұл бір орындалмас арман сияқты көрінетін. Аристонмен су жылытатын тұрғындар үшін енді көп қабатты үйлерге ыстық су қосылатын күн де алыс емес. Мемлекет басшысының қолдауымен қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету. Жалпы қажетті қаражат көлемі – 26,2 милилард теңге. Бұл жұмыстар екі кезең бойынша жүргізілуде. Бүгінгі күні 11 миллиард теңге қаражатқа бірінші кезеңдегі 187 үйге ыстық су тарту жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға жайлы қала жасау мақсатында тұрғын үйлердің аулаларын және ойын аулаларын абаттандыру жұмысы кейінгі жылдары қарқын алды. Атап айтқанда, құны 619,3 миллион теңгеге 23 тұрғын үйдің аула ішілік жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Жалпы, қала аумағында 250-ге жуық балалар ойын алаңы орнатылған. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес 25 көпқабатты тұрғын үй ауласында орналасқан балалардың ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып, қалалық бюджеттен 114,8 миллион теңгеге қала аумағындағы 18 үйдің шатыры қайта қалпына келтірілуде.
Бүгінде жаңа көйлек кигендей, түрленіп сала берген көп қабатты үйлердің әдемі көрінісін көріп жүрміз. Суыққа да, ыстыққа да төзімді құрылыс материалымен көп қабатты үйдің сыртын қаптау көп көңілінен шықты.
Қала орталығындағы 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері линеарлық панельмен қапталып, 77 көпқабатты тұрғын үйлер мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде.
Қоғамдық көлік қызметінің сапасы артқаны да қала тіршілігіндегі нәтижелі жұмыстың бірі. Автобустар саны көбейіп, шет аймақ тұрғындарына жаңа да, жайлы автобус қызмет көрсете бастады. Мұнан бөлек, қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру үшін әрі қоршаған ортаны ластанудан қорғау мақсатында экотаксилер іске қосылды. Заманауи, ең бастысы, бағасы да арзан, экологиялық таза көлік тұрғындарды қызықтыра түсті. Бір айта кетерлігі, соңғы технологиямен жабдықталған бұл таксилер көміртегі шығарындыларын азайтумен шектелмейді. Электр қозғалтқыштарының арқасында шуды азайтады. Экотаксилер 1,5 сағатта 100 пайыз қуатталады.
Қызылордалық тұрғындарды қуантқан тағы бір ілкімді іс – демалыс орындарының көбеюі. Жаз күндері орталық алаң мен қалалық саябақты ғана білетін тұрғындар үшін қазір қаланың кез келген шағын ауданында демалыс орны бар десек артық айтқандық емес. Мәселен, Сыр-Ана алаңы, Бейбарыс сұлтан көшесінің бойы, Сыр сүлейлері аллеясы және санасаң тізбектеле беретін демалыс орны көбейді. Бұл қалалықтарға қуаныш сыйлағаны сөзсіз.
Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қоғамдық орындарды көбейту аймақ басшысының негізгі тапсырмасы. Қала тұрғындары сапалы өмір сүру үшін меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен орталық алаң, Н.Назарбаев даңғылы және Қожа Ахмет Яссауи көшесі абаттандырылды. Қала әкімдігі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Агро-биологиялық» бағын демалыс саябағына айналдыру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде қала аумағында 33 сквер-аллеялар, саябақтар мен демалыс орындары бар. Алдағы уақытта қалалық мәдени және демалыс паркі, Тұңғыш Президент, Денсаулық, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтары мен Қорқыт Ата мемориалды аллеясын қайта жаңғыртудан өткізілмек. Қазіргі таңда «BI Group» компаниясының демеушілігімен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жақын арада сараптама қорытындысы алынады. Одан кейін ағаш көлемі көп орналасқан демалыс орындарын көбейту бағытындағы қажетті шаралар жүргізуді жоспарланған.
Сыр өңірі тазалықпен тікелей байланысты. Бұл ретте облыс орталығының мұнтаздай тазалығын айта кеткен жөн. Бұрын қала тазалығына байланысты көп сын айтылатын. Бүгінде бұл жұмыс та жолға қойылды. Дегенмен тазалықшылардың қажырлы еңбегі, уақытпен санаспай еңбек еткенін көргенде қала тазалығын сақтау қажырлы еңбекті қажет ететінін түсінеміз. Сондай-ақ қаланы көгалдандыру мақсатында жаңа мекеменің құрылуы да жұмысты жүйелі жүргізуге ықпал еткендей.
Иә, шаһар тазалығы – басты назарда. Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы мекемелер бар. Көркейту-көгалдандыру, аяқсу каналдары мен арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізу мақсатында былтыр «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылып, 25 техника сатып алынды. Мекеме Жібек жолы, Сарқырама, Табиғат және қалалық аяқсу каналдарын көктем басында толық тазалаған. Бүгінде қалаішілік арық жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізуде. Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 насосты күтіп-ұстап, бұрын бұрғылау жұмыстары жүргізілген ұңғымалар арқылы сквер-аллеялар мен қаламыздың орталық көшелеріне аяқсу беруді қамтамасыз етті. Қызылордада атқарылған бір жылдық жұмыстың көрінісі осындай, алда атқарылатын шаруа шаш етектен. Оның барлығы жоспарға сай сәтті жүзеге асса қаланың бұдан әдемі, әсем қала болары сөзсіз.
Г.ҚЫМБАТ