Kyzylorda-news.kz Парниктік газдардың климатқа әсері қазіргі таңдағы жаһандық экологияның өзекті тақырыптарының бірі. Жалпы, парниктік газдар дегеніміз не? Әңгімені осыдан бастайық.
Жер атмосферасындағы жылуды ұстап қалатын газ тәріздес компоненттер парниктік газдар деп аталады. Олар күннен келетін қысқа толқынды сәулелерді еркін өткізеді, бірақ Жер бетінен шағылысқан ұзын толқынды инфрақызыл сәулелерді (жылуды) сіңіріп, атмосфераның төменгі қабаттарын жылытады. Бұл процесс парниктік эффект (жылыжай эффектісі) деп аталады. Егер бұл газдар болмаса Жердің орташа температурасы қазіргі +15o С орнына -18 o С шамасында болып, тіршілік үшін тым суық болар еді. Алайда жаратылыста бәрі де өз мөлшерімен болу керек, бүгінгі таңда парниктік газдардың шектен тыс көбеюі климаттың жаһандық жылынуына әкеліп отыр.
Атмосферадағы ең маңызды парниктік газдарға не жатады және олардың климатқа әсері қандай, соны мүмкіндігінше егжей-тегжейлі талдап көрейік.Талдауды климатқа әсері ең төменінен бастап, күштісіне қарай түйіндейміз.
Біріншіден, көмірқышқыл газы (CO2), яғни көмір мен мұнайды, газды жағу, ормандарды бей-берекет кесу, жанартаулардың атқылауы, электр энергиясын өндіру, өнеркәсіп, көлік құралдары. Жалпы алғанда, адам әрекетінен туындаған жылынудың шамамен 65%-ы осы көмірқышқыл газының әсерінен болып отыр. Табиғаттың заңы бойынша Күн сәулесі Жер бетіне жетіп, оны қыздырған кезде қызған Жер энергияны инфрақызыл сәуле түрінде қайта шығарады. Көмірқышқыл газы осы сәулелердің бір бөлігін сіңіріп, жылуды атмосферада ұстап қалады. Нәтижесінде Жерден ғарышқа шығатын жылу азаяды, атмосфера қызады, орташа температура көтеріледі. Көмірқышқыл газы ең күшті парниктік газ емес, бірақ атмосферадағы мөлшері өте көп болғандықтан климаттың өзгеруіне үлкен үлес қосады. Орташа температураның көтерілуі, мұздықтардың еруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, құрғақшылықтың жиілеуі, экстремальды ауа-райы құбылыстарының көбеюі әдетте осы көмірқышқыл газының салдарынан деп есептелінеді.
Екіншіден, метан (CH4), яғни мал шаруашылығы (ірі қара мал), күріш алқаптары, қоқыс полигондары, мұнай-газ өндірісі, көмір шахталары кезіндегі шығындар.Метанның бірден бір ерекшелігі, оның жылуды сақтауы көмірқышқыл газына қарағанда 25-28 есе жоғары, бірақ атмосферада аз, дәлірек айтқанда, 12 жыл сақталады, бірақ осы қысқа ғана уақыттың ішінде өте күшті жылыну туғызады. Батпақтар мен мәңгі тоң аймақтарытабиғи метанның негізгі көзі саналатындықтан, температура көтерілген сайын мәңгі тоң ериді де, одан қосымша метан бөлінеді. Бұл өздігінен күшейтетін үрдіс туғызады.
Үшіншіден, азот оксиді (N2O), негізі көзі ауыл шаруашылығындағы минералды тыңайтқыштарды қолдану, химиялық өнеркәсіп, мал шаруашылығындағы биомассаны жағу. Азот тотығы өте қуатты парниктік газға жатады. Орташа есеппен атмосферада 100 жылдан астам уақыт сақталады. Зияндылығы сол, климаттың жылынуын күшейтіп, озон қабатының бұзылуына ықпал етеді. Сондықтан оның әсері екі бағытта байқалады. Температура көтеріліп, ауыл шаруашылығының климатқа әсері артады, озон қабаты жұқарады.
Төртіншіден, ең көп таралған парниктік газ бұл – су буы. Мұхиттардың булануы, көлдер мен өзендер, топырақ, өсімдіктердің транспирациясы, яғни өсімдіктердің суды буландыру процесі. Ол жылынуды күшейтеді, ауа неғұрлым жылы болса, соғұрлым су көбірек буланады, бұл өз кезегінде жылуды көбірек ұстап тұрады. Парниктік әсердің шамамен жартысынан астамы су буымен байланысты. Әйтсе де су буы климаттың негізгі қозғаушысы емес. Ол көбінесе кері байланыс механизмі ретінде әрекет етеді. Мысалы, CO2көбейеді, температура көтеріледі, булану күшейеді, атмасферадағы су буы көбейеді, су буы қосымша жылу ұстайды да, температура одан әрі көтеріледі. Бұл құбылыс оң кері байланыс деп аталады. Әрине салдарынан нөсер көбейеді, су тасқыны жиілейді, дауыл күшейеді, бір сөзбен айтқанда климаттық өзгеріс жылдамдайды.
Бесіншіден, негізгі көзі тоңазытқыштар, кондиционерлер, электроника өндірісі болып саналатын фторлы газдар да (HFCs, PFCs,SF6) парниктік газдарға жатады. Бұлар табиғатта кездеспейді, тек адамдар жасап шығарған. Түсініктірек айтқанда, фторлы газдар дегеніміз құрамында фтор элементі бар жасанды парниктік газдар. Атмосферада табиғи түрде мүлдем кездеспейді десек те болады, бірақ өнеркәсіптік қызмет нәтижесінде көптеп бөлінеді. Климатқа әсері жағынан көмірқышқыл газынан әлдеқайда күшті парниктік әсер тудырады. Гидрофторкөмірсутектер (HFCs) тоңазытқыштарда, кондиционерлерде қолданылады, бұлар озон қабатын бұзбайды, бірақ әсері күшті парниктік газ деп саналады. Кейбір түрері атмосферада ондаған жыл сақталады. Префторкөмірсутектер (PFCs)алюминий өндірісінде және электроника саласында пайдаланылады. Атмосферада мыңдаған жылдар сақталуы мүмкін. Күкірт гексафториді (SF6)электр жабдықтарында оқшаулағыш ретінде қолданылады. Белгілі парниктік газдардың ішіндегі ең күштілерінің бірі саналады.
Азот трифториді (NF3)күн батареялары мен электрондық құрылғылар өндірісінде пайдаланылады. Ғалымдардың болжауында, атмосферада шамамен 3200 жылға дейін сақталады. Фторлы газдардың қауіптілігі неде? Фторлы газдар Жерден ғарышқа таралатын инфрақызыл сәулелерді сіңіріп, атмосферада жылудың жиналуына ықпал етеді. Бүгін шығарылған газдардың әсері ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Соңғы жылдары кондиционерлер мен тоңазытқыштарды пайдалану артқандықтан фторлы газдардың шығарындылары да өсті. Осыған байланысты көптеген елдер оларды климатқа зияны аз баламалармен алмастыруға көшіп келеді. 2016 жылы қабылданған Кигали түзетуі фторлы газдарды кезең-кезеңімен қысқартуды көздейді. Климаттық саясатта фторлы газдардың шығарындыларын азайту көмірқышқыл газын қысқартумен қатар жүргізіліп келе жатқан маңызды міндеттердің бірі саналады.
Жалпы алғанда парниктік газдардың климатқа әсер ету процесін күн астында тұрған автокөлікпен салыстыруға болады. Мәселен, күн сәулесі әйнек арқылы машинаның ішіне оңай кіреді. Іштегі орындықтар мен панельдер жылынады. Бұл жылу инфрақызыл сәуле ретінде сыртқа шыққысы келеді, бірақ әйнек оны қайта өткізбейді. Нәтижесінде көліктің іші сыртқа қарағанда әлдеқайда ыстық болады. Атмосферадағы парниктік газдар дәл осы «әйнектің» рөлін атқарады. Күн сәулесі Жерге жетіп, оның кері шағылу процесіне әсер етіп, газ қабаты жылуды «тұтып» қалу үстінде.
Индустриялық дәуірге дейін, яғни XVIII ғасырға дейін парниктік газдардың деңгейі тепе-теңдікте болды. Бірақ адамзат баласы қазба отындарды (көмір, мұнай, т.б.) жаңа бастағаннан бері көмірқышқыл газының концентрациясы 50 пайызға артты.Бұл Жердің жылу тепе-теңдігін бұзып, мұздықтардың еруіне, мұхит деңгейінің көтерілуіне және аномальды ауа-райына соқтырып отыр. Осының салдарынан биоалуантүрлілік жойылып, экстремалды ауа-райы құбылыстары (құрғақшылық, су тасқыны, дауылдар) күшейіп келеді.

Әлемдік декарбонизация мәелесіне Қазақстан қаншалықты қатыса алып отыр? Бұл сауалымызды Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ Орман шаруашылығы ҒЗИ Қызылорда филиалының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Қосановқа қойдық.
– Негізінен үлкен кен орындары мен қазба байлықтарын қазатын немесе атмосфераға зиянды қалдықтар шығаратын компаниялар ауаға келтіріп жатқан зиянды заттардың есебін басқа жерден карбондық индексация арқылы толтырады. Мысалы, ағылшын бір компаниясы өздерінің мемлекетінде немесе Америкада уран өндірумен айналысады деп алайық. Ол компания атмосфераға бөлініп жатқан көмірқышқыл газының есебінен басқа жерден оттегін сатып алу керек. Басқа жерден орман алқабын отырғызып, соның есебінен оттегін толтыру керек. Әр ағаштың өзінің оттегін бөлетін индексациясы бар, оны есептейді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы Арал теңізінің құрғаған табанында 100 мың немесе 500 мың гектарға сексеуіл дақылы егілді, төрт жылда ауаға бөлінген оттегінің мөлшері мынадай деп көрсетеді. Осылайша компанияның ауаны ластап жатқан көмірқышқыл газының есебі жабылды деп есеп береді, яғни зауыт 2024-2025 жылдарға арналған ауаға бөлген көмірқышқыл газының есебін Африкада. немесе Жаңа Зеландияда. немесе Қазақстанда өсірген орманның есебінен жаба алады. Бұл жаһандық декорбанизация келісім шартының аясында жүзеге асырылады. Бұл – бізге еніп жатқан жаңа үрдіс. Көп жағдайда түсіне алмағанымызбен, бұны барлық адам істей алады. Мәселен, мемлекеттің қарамағындағы бос жерді аласыз, сол жерге ағаш отырғызасыз, сіз де оттегін сата аласыз. Өйткені дәл осындай жолмен сатып алатын оттегін іздеп жүрген компаниялар бар. Ағашыңыз отырғызған жерде тұра береді, сіз таза ауаны сатасыз. Ол компания сізден сатып алуға мұқтаж. Өйткені ол келісім шарт негізінде компаниясының ауаны ластап жатқан көмірқышқыл газының өтемін әйтеуір жабу керек. Әрқайсысының өзінің формуласы бар. Әр ағаштың өзіне тән оттегі бөлетін индексациясы бар. Соны есептейді, – деді ол.
– Бізде мұны пайдаланып жатқандар бар ма?
– Бізде пайдаланып жатқандар бар. Қазақстан үшін бұл жаңа тәжірибе деп саналады. Солтүстік Қазақстан жақта пайдаланып жатқандар бар. Сондай-ақ теңіздің табанына сексеуіл егіліп жатыр. Қазір пилоттық жоба жасап жатырмыз. Голланд компаниясымен бірігіп, 100 мың гектарға сексеуіл егіп жатырмыз. Ол бір жағынан бізге инвестиция болып есептелінеді, отырғызылған ағаштар біздің экологиялық жағдайымызды жақсартуға ұшан-теңіз пайда әкеледі. Бір жобаның өзі 18-20 млн еуро тұрады. Жергілікті халық бұдан ешбір ұтылмайды. Орманды алқаптың көгеріп-көктеп кетуіне компаниялардың да өздерінің қызығушылығы бар, себебі ағаштар неғұрлым тығыз орналасқан болса, бөлінетін оттегі де көбейеді. Бір жағынан бізге де олжа, бұрын біз гектарына 240 ағаш отырғызсақ, бұл компаниялар гектарына 600 ағаш отырғызуды талап етеді. Бұрын біздегі еккен сексеуілдің 30 пайызы шығып кетсе, 100 пайыз болып есептелетін. Енді компаниялар бізге 30 пайыз емес, 50-60 пайыз болу керек дейді, себебі олар инвестиция салып отыр, бес-алты жылда соның қайтарымын күтеді. Бұл тағы да бізге жақсы. Біз ағашқа анықтама береміз, осыншама ағаш егілгені рас деп, олар оттегінің формуласын алады. Бұл біздің жергілікті халыққа керемет мүмкіндік, – деді С.Қосанов.
– Қазақстандағы үйлестірушісі кім?
– Экология және табиғи ресурстар министрлігі тікелей айналысады. Біздің Ұлттық Ғылым академиясының алдында да осындай мәселелер тұр. Бұл бірінші бастамасы, біз өзіміз әлі толық түсініп, индексациясын, формуласын біле алмай жатырмыз. Бірақ біздің жалпылама түсінігіміз бар. Біріншіден, инвестиция, екіншіден, экологиямызды жақсартады. Инвесторларға да пайда, біріншіден, өздері пайда табады, екіншіден, белгілі бір аймақтың экологиялық мәселесін шешуге атсалысады, – деді.
– Құрғаған теңіздің ұлтанына егіліп жатқан сексеуіл осы жобаның аясында жүзеге асырылып жатыр ма?
– Иә. QazaqCarbon Қазақстанның көмірқышқыл газ нарығын ерікті түрде дамыту платформасы бойынша бұл мәліметтермен толық танысуға болады. Қазіргі таңда сусыз өсетін өсімдіктерді, күтіп-баптауды қажет етпейтін дақылдарды өсіруотырғызу өте маңызды. 100 мың гектар жерге қарағаш егіп, айдалада оның суын жеткізем деп жүргенде шығын деген шаш етектен болып кетеді. Сексеуілдің бір қасиеті, ешқандай күтімді қажет етпейді, табиғи жолмен тез көбейеді. Көшетпен отырғызғанда төртінші, бесінші жылдары, тұқымнан шыққанда жеті-сегіз жылда тұқым бере бастайды. Біздің өңірге нағыз керек дүние, – деді С.Оразбайұлы.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сурет: Нұрболат Нұржаубай
Фото: daylikz.com
