Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік жүйелерін жөндеу жұмыстарымен танысып, жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді.
Алдымен аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі В. Счастнов, Жанқожа батыр және Желтоқсан көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік кәріз желілерін жөндеу жұмыстарын көрді. Жоба аясында 24 кәріздік бақылау құдығы мен 358 метр кәріз желісін тазартылуда. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Қамбар» ЖК жүзеге асыруда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлердің санитариялық жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және аулаішілік кәріз жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделуде.
Бұдан кейін Е.Көлдейбекұлы көшесінде орналасқан 6 көпқабатты тұрғын үйдегі атқарылған жұмыстарды көрді. Аталған үйлердің инженерлік жүйелерін ағымдағы жөндеуге қаржы бөлініп, мердігер «Стандарт Строй KZ 2006» ЖШС тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілген. Жөндеу барысында тұрғын үйлердің ортақ пайдаланылатын ауыз су насос станциясы мен қосалқы бөлшектері жаңартылып, ақауы бар инженерлік желілер қалпына келтірілді. Сонымен қатар, ыстық су жеткізетін жаңа желілер де тартылды.
Аудан әкімі «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК Қазалы-Теміржол жылу филиалына барып, 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда филиал арқылы 98 нысан, 80 көпқабатты және 183 жеке тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жылу беру маусымына дайындық барысында 12 орталық жылу тарату пункті мен 1 көтерме насос станциясында, сондай-ақ қазандықтар мен қосалқы қондырғыларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына жылу беру маусымын сапалы әрі тұрақты өткізуге аса мән беруді тапсырды.
«Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесіне қатысты мәселе болмауы керек. Тұрғындардың өтініштері дер кезінде қаралып, туындаған кез келген мәселе жедел шешілуі тиіс. Жылу желілері мен қазандықтардың жұмысы тұрақты бақылауда болып, қысқы кезеңге қажетті резервтер толық қамтамасыз етілуі қажет», – деді аудан әкімі.
Жауапты орынбасары мен тиісті мекеме басшыларына жылу беру маусымы басталғанға дейін барлық жүйелердің жұмысқа толық әзірлігін қамтамасыз ету, ақаулардың алдын алу және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

