maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов көпбалалы аналармен кездесіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып, ұрпақ тәрбиесінде өнегелі еңбек етіп жүрген бірқатар анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты түрде табыстады.

Кездесу барысында аудан басшысы анаға құрмет көрсету – халқымыздың қанына сіңген ізгі дәстүр, ал бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын сақтау – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Көпбалалы аналардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, олардың отбасы берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі қашанда құрметке лайық екенін жеткізді.– Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының алтын діңгегі. Сіздер өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, оларды елін сүйетін, халқына қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеу арқылы мемлекетіміздің болашағына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін мәртебелі міндет. Сондықтан ана еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді аудан әкімі.

Бүгінде Қазалы ауданында 1907 ана мемлекеттік наградаларға ие болған. Оның ішінде 660 ана – «Алтын алқа», 1185 ана «Күміс алқа», 22 ана – «Батыр ана», 40 ана – «Ана даңқы» төсбелгісінің иегері.

Сонымен қатар, аудан бойынша 3485 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау, көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын арттыру бағытында тиісті жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Салтанатты рәсім барысында аналарға мемлекеттік наградалармен қатар арнайы сыйлықтар да табысталды. Кездесуде ақ жаулықты аналар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесу соңында мәдениет саласының өнерпаздары ән шашу ұсынып, мерекелік жүздесудің ажарын аша түсті. Аудан әкімі марапат иелерін шын жүректен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, отбасыларына бақ-береке, аналарға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Сондай-ақ ұрпақтарының қызығын көріп, елдің құрметіне бөленіп жүре берулеріне тілектестігін білдірді

Тағы да оқыңыз: