Kyzylorda-news.kz. Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Республикасы Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі Ұлмекен Маутованың «Көңілдегі керуен» атты шығармашылық көрмесі ашылды.
Аталған іс-шараға танымал суретшілер мен қолөнер шеберлері қатысты.
Көрменің мақсаты – өнер иесінің шығармашылығын дәріптеп, ұлттық қолөнерді дамытып, қазақтың сәндік-қолданбалы бұйымдарын көпшілік назарына ұсыну.
Ұлмекен Маутова 1961 жылы Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде дүниеге келген. 1979-1982 жылдары Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде театр-декоратор мамандығы бойынша білім алды. Бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық көрмелеріне қатысқан өнер иесі «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталған.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Ұлмекен Қайырбайқызының жұмыстары философиялық мағына береді және стилизация әдістері арқылы ерекшеленеді. Суретші туған жерінің сұлу табиғатын өз туындыларында алуан түрлі бағытта берген. Мұны көрмеге қойылған 40-қа жуық кескіндеме және қолөнер туындыларынан байқауға болады. Баршаңызды көрменің ашылуымен құттықтаймын. Дәстүрлі өнерді жалғастыратын тұлғалар барда қазақ мәдениеті дамудың даңғыл жолына түсетініне сенемін, – деді ол.
Көрме соңында Жаңақорған ауданы мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Жадыра Шертекова Ұлмекен Қайырбайқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Келушілер өнер иесінің тамаша туындыларымен танысты.
