Көлік терезесі буланбас үшін не істеу керек? – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Көлік терезесі буланбас үшін не істеу керек?

02.01.2020, 14:00

166 0

Көлік терезесінің булануы – жол апатының басты себептерінің бірі. Әсіресе, қысқы мезгілде жүргізушілердің мазасын қашырады.

Терезенің булануының бірнеше себебі бар:

  • Қысқы және жаңбырлы ауа райы;
  • Қар немесе жаңбыр көлік төсеніштеріне тиіп, іште ылғалдылықтың артуы;
  • Көлік ішінде ылғал киім, қолшатыр, аяқ киімнің болуы;
  • Жаз және көктем айларында көлікті жуғаннан кейін ылғалдануы;
  • Техникалық ақаулар: көлік шанағының дұрыс жөнделмеуі, желдеткіш жүйесінің жұмыс істемеуі;
  • Алкоголь тұтынған жолаушының болуы (мас адамның демі терезені тез буландырады).

Көлік терезесі буланбас үшін келесі төрт кеңесті есте ұстаған жөн:

Салондағы ауа фильтрін ауыстыру керек. Терезенің жиі булануына көп жағдайда салондағы фильтрдің ластануы себеп болады. Ауа фильтрін әрбір 18-20 мың шақырым сайын ауыстырған абзал. Өйткені, ластанған фильтр желдеткіш жүйесіндегі ауа ағынын тежейді. Нәтижесінде жиналып қалған артық ылғал салоннан сыртқа шыға алмай қалады. Мейлінше белсендірілген көмір қоспасы бар фильтр сатып алған жөн. Себебі, ол ауаны тазалап қана қоймай, салонға зиянды химиялық қоспалардың түсіп кетуін де болдырмайды. Қандай фильтр таңдау керегін мына жерден көре аласыздар. Сондай-ақ, оны өз бетіңізше ауыстырудың да еш қиындығы жоқ.

Салонды жылыту және желдету жүйесін дұрыс іске қосу. Жол үстінде терезе буланса, пештің ауа ағынын терезеге қарай бағыттап, жылдамдығын жоғарылату керек. Сонымен қатар, орталық ауа саңылауларын жауып, ылғалды машинадан тезірек шығарып жіберген дұрыс.

Дренажды тесіктерді тексеру. Кейде ылғал тек есік немесе терезе арқылы ғана емес, желдеткіш жүйесі арқылы да еніп кетеді. Әр көліктің шанағының астында ылғалды шығаруға арналған дренажды тесіктер болады. Көп жағдайда ол ағаш жапырақтарымен, басқа да лас заттармен бітеліп, нәтижесінде артық су мен ылғал желдету жүйесіне араласып кетеді. Мәселен, жаңбыр жауғаннан кейін шанақ астына жиналып қалған су ылғалдылықты арттырады. Ол әрі қарай салонға ене бастайды. Сондықтан дренажды жүйенің жұмысын уақытылы тексеріп тұру қажет.

Терезені диагональ бағытта сүрту қажет. Қарапайым су сорғыш шүберектің көмегімен терезе әйнегін дұрыс бағытта сүртсе, ол жиі буланбайды. Яғни дымқыл матаны пайдалану кезінде әйнекті тіке немесе көлденең емес, диагональ бағытта сүрту керек. Сондай-ақ, терезені шүберекті тұзды сумен араластырып сүртсе, бұл да салондағы ылғалдың жойылуына әсер етеді.

Көлік салонының ылғалдануын болдырмау шаралары:

  • Көлікке отырмас бұрын сыртындағы қарын түгел тазалау. Аяқ киімнің де суын барынша кептіріп барып отыру;
  • Салонға ылғалды заттарды қалдырмау;
  • Ылғал қолшатырды құрғақ пакетке салу;
  • Орындық пен төсеніштердің үнемі құрғақ болуын қадағалау.

Informburo

0

Пікір қалдыру