Kyzylorda-news.kz Шиелі аудандық әкімдігінде аудан тұрғындарына арналған қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шара Қызылорда өңірлік көлік прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, оған Қызылорда өңірлік көлік прокуроры Роллан Файзуллаұлы Яғмусов қатысты.

Қоғамдық қабылдауға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев, Қызылорда станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы Дәурен Қожабергенов, сондай-ақ аудан тұрғындары мен сала өкілдері қатысты.

Қабылдаудың негізгі мақсаты – азаматтардың көлік саласына қатысты құқықтық мәселелер бойынша сауалдарына жауап беріп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, сондай-ақ халық пен құқық қорғау органдары арасындағы ашық байланысты нығайту болды.

Кездесу барысында тұрғындар теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жолаушылардың құқықтарын қорғау, көлік инфрақұрылымын пайдалану кезіндегі заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және өзге де құқықтық мәселелер жөнінде сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, көлік саласындағы өзекті мәселелер мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Қызылорда өңірлік көлік прокуроры Роллан Файзуллаұлы азаматтардың көтерген әрбір мәселесі назарға алынатынын атап өтті. Ол көлік саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және құқықтық мәдениетті арттыруға шақырды.

Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берілді. Жекелеген мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жолданып, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.

Айта кету керек, бұл қоғамдық қабылдау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Аталған қағидат қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын күшейтуге бағытталған.

Мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, оларды заң аясында шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, құқықтық сауаттылықты көтеруге оң ықпал етеді.

Тағы да оқыңыз: