maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Кеше Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев пен аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың қатысуымен жастарды көлік полициясы қызметіне тарту мәселесіне арналған кездесу өтті.

Жиынға аудан мектептерінің директорлары, тиісті сала басшылары және жауапты мамандар қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтарды көлік полициясы органдарына қызметке шақыру, жастар арасында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу және құқық қорғау саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді түсіндіру.

Кездесу барысында Көліктегі полиция департаменті өкілдері қызметке қабылдау талаптары, үміткерлерге қойылатын біліктілік шарттары, әлеуметтік кепілдіктер мен қызметтік өсу мүмкіндіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Сонымен қатар, жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдаған азаматтарды қызметке қабылдау, кәсіби даярлықтан өткізу, әскери және арнайы атақтар беру тәртібі туралы түсіндірілді. Қызметке қабылданған азаматтарға заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Көліктегі полиция департаменті елордасы Астана қаласында қызмет атқаруға 200-ге жуық маманды жұмысқа шақыруда. Бұл – жастар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға, кәсіби тұрғыда дамуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосуға берілген мүмкіндік.

Жиын соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан тиісті жауаптар алды.

Қызметке орналасу тәртібі мен өзге де толық ақпаратты төмендегі телефон нөмірі арқылы біле аласыздар:

Байланыс телефоны: +7 700 213 31 20

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: