Kyzylorda-news.kz Қамыстыбас көлдер жүйесіндегі ахуал қазіргі таңда тұрақты бақылауда. Бұл бағыттағы ахуал бойынша Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев Қамыстыбас көлінде болып, су деңгейінің көтерілуіне байланысты жағдайды бағамдады. Бүгінде Аққұмшық жағжайына көлден келер айтарлықтай қауіп жоқ. Аудан әкімі десе де жағдайды бақылауда ұстап, жауаптыларға сәт сайын ахуалды баяндап тұруды тапсырды.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінің бойында мұз ұстасуда. Аудан әкімі «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру мақсатында салынған «Аспай» суағытқысының және Бұрмақұлақ арнасының жағдайын да бақылады. Аталған аймақтарда дария суы қалыпты деңгейде. Дария бойындағы жағдайды көрген соң аудан басшысы жауапты мамандарға сол маңдағы каналдардың шлюз ағытқылары ашып-жабылуы қиындық тудырмас үшін қажетті жұмыстар жасауды жүктеді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта дариядан су көп мөлшерде келген жағдайда бөгеттерді жарып өту қаупін болдырмас үшін алдын алу шараларын үйлестіруді жүктеді.