ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде көктемгі егінге дайындық мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.
«Биыл Қызылорда облысында 185 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылды. Осылайша, соңғы төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды. Оның орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Су ресурстарын тиімді пайдалану, шығынды азайту үшін үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Өткен жылы тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 100 гектар егін егілсе, биыл 16 700 гектарға жеткізу межеленген. Оған қоса 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Биыл бұл көрсеткіш 65 мың гектарға жеткізіледі. Бүгінде шаруашылықтар тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Қажетті 65 600 тонна тыңайтқыштың 18 500 тоннасы сатып алынды. Егін егуге қатысатын 3975 ауыл шаруашылығы техникасының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі көктемгі егіске 10 100 тонна дизель бөлді. Ол шаруаларға кестеге сәйкес таратылады. Ерте егілетін дақылдар наурыз айының бірінші онкүндігінде себіледі, күріш егісі сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады. Жоспарланған егіс көлемі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланады», – деді аймақ басшысы.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда су ресурстарының тапшылығы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу және су жүйелерін цифрландыру жұмыстарына ерекше мән береді.
«Су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше назарында. Судың магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егіс алқаптарына жеткізілуіне, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылсын», – деді Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы көктемгі мұз жүру кезінде су алу қаупі бар тұстардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының әкімдіктеріне облыстық төтенше жағдайлар департаментімен және «Қазсушар» Қызылорда филиалымен бірлесіп, өзен арнасына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды, мұздың өту барысын тұрақты бақылауды тапсырды.
