Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде. Оқу жаттығу жиынына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы жұмыс тобының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Бекзат Кенжебаев пен аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков арнайы қатысты.
Оқу-жаттығулар көктемгі кезеңдегі су тасқынының алдын алу, оларды жою іс-шараларын жүргізу мақсатында ұйымдастырылды. Жаттығу барысында жасақ жетекшілерінің өзіне жүктелген функционалдық міндеттері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.
«Көктем-2023» оқу-жаттығу аясында төтенше жағдайларды жою бойынша іс-әрекеттерді пысықтауға арнайы-тактикалық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құрамаларымен практикалық әрекеттер өткізілді. Негізгі іс-шаралар «Шағала» балаларды сауықтандыру орталығының жолында, Абай ауылына баратын жол бойында және Қарлан учаскесіндегі су тасқынының алдын алу бағытында жүргізілді.
Айта кеткен жөн, оқу-жаттығуға барлығы 74 техника арнайы құрал-саймандарымен және 200-ден астам адам бір уақытта жұмылдырылды.
