Kyzylorda-news.kz. Көкпардан ҚР ұлттық құрамасының мүшелері осы жылдағы екінші оқу-жаттығу жиынын өткізді. Тамыз айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Олимпиадалық даярлау орталығында  жалпы дене дайындығы бойынша жаттығу жасап, спортшылар физикалық тұрғыдан шыныққан болатын.

Кезекті оқу-жаттығу жиыны 7-20 тамыз аралығында Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт базасында өтті. Бұл оқу-жаттығу жиынында спортшылар арнайы дайындықтан өтіп, аттармен бірге жаттығу жасады.

Көкпардан бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев ұлттық құрамадағы 24 спортшыны жан-жақты дайындықтан өткізуде. Құрамада еліміздің барлық өңірінен мықты спортшылар қамтылған.

Ұлттық құраманың сапында көкпардан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Нышанбеков (еңкеюдің хас шебері, @ablai_077kz), көкпардан Азия чемпионы – Құрманбек Тұрғанбек (қазақтың Мессиі, @qurmash.08) сынды белді шабандоздар бар. Сондай-ақ, еліміздің намысын Нұрқасқа, Бүркіт, Заңғар, Найман, Кәмпит, Қаршығасынды үздік аттар қорғайтын болады.

Аталған оқу-жаттығу жиындары IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бағытталған.Көшпенділердің дәстүрі мен жауынгерлік рухын жаңғыртқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.

Қазіргі таңда «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығынан» көкпар мен қазақ күресінен ұлттық құрамалар дайындықтарын пысықтап жатыр.

Сонымен қатар, Орталыққа қарасты асық ату, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ, саятшылық, теңге ілу ұлттық спорт түрлері де қатысады деп күтілуде.

Тағы да оқыңыз: