Kyzylorda-news.kz «Өндірістік аймақ» жобасы аясында аудан орталығы Әйтеке би кентінде «АгроОптСервис» ЖШС директоры Бекболат Бибалаев жүзеге асырған «Көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма салу» жобасы қайта жанданбақ. Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов шағын индустриалды аумақтағы көкөніс сақтау қоймасының жұмысын көрді. 

Аталған жоба бұған дейін 2020 жылы іске қосылып, 2022 жылға дейін жұмыс жасаған. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 21,0 млн теңге несие алып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.

Биылғы жылдың тамыз айында қойманың жұмысын қайта іске қосу жоспарлануда. Қуаттылығы 500 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін сақтауға мүмкіндік беретін нысан толық іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда мұнда 4 адам еңбек етуде.

Аудан басшысы жобаның қайта жандануы ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да оң ықпалын тигізетінін айтты. 

Осыған сәйкес, салалық орынбасарына кәсіпкерлік нысанды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін нақты бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жедел ұйымдастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: