Kyzylorda-news.kz Өңірімізде де кітапхана ісін дамыту мақсатында жаңа бастама қолға алынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп атап өткен болатын.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана мен 1 қалалық, 7 аудандық орталық кітапханалар қызмет көрсету режимін түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзартқан.
Түнгі кітапхана оқимын, ізденемін деген кез келген адамға қолайлы ортаға айналды. Күндіз жұмыста, сабақта болатын кітапсүйер қауым енді қарастырылған уақытта кітапханаға келіп, кітап, газет-журнал оқуына мүмкіндік бар. Мұнда жайлылық, тыныштық әрі қор байлығы қызықтырмай қоймайды. Облыстық кітапхана – барлық жастағы оқырмандарға қызмет көрсететін аймақтағы ең ірі қазына орталығы.
– Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес, жұмысы жүйеленген үлкен орталыққа айналды. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Бізде кітап оқуды насихаттау мақсатында жылына 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Кітапхана қазір қоғамдық даму орталығы, әлеуметтік институт, шығармашылық алаң ретінде, барлық мәдени ортаның тоғысуынан тұрады. Түнгі кітапханаларда маусым-шілде айларында 895 оқырманға қызмет көрсетіліп, кітап ұстанымы 5609-ға жеткен. Сонымен қатар келушілер саны 2640 адамды құрады. Басты міндет – оқырман санын көбейту, жастарды дәстүрлі оқуға тарту. Біздегі болып жатқан жаңашылдықтың бәрі осыған бағытталады, – дейді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Қалдыгүл Досмағанбетова.
Айта кету керек, мұнда коворкинг орталығы, «Еркетай» балалар алаңы, «Жас қалам», «Кездесу» клубы, IT сауаттылыққа үйрететін «Шаңырақ» интеллект орталығы, АРТ-студия, сурет салу, «Ісмер», «Көркемсөз», «English for kids» үйірмелері жұмыс істейді.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де Президент пәрменіне орай оқырмандарға оқу ықтималдығын арттырып отыр. А.Пушкин атындағы орталық кітапханада 107 мыңнан астам кітап қор бар. Жыл сайын 6 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетеді.
– Түнгі кітапхана жобасының мақсаты айқын. Оқырман қауымды кітапханаға кеңінен тарту. Жастар арасында қызығушылық артып келеді. Көркем әдебиетке, тарихи туындыларға оқырман тарапынан сұраныс жоғары. «Универсам» аумағындағы оқырмандар ата-аналарымен келіп түнгі кітапхана қызметін пайдаланады, – дейді кітапханашы Гүлзия Молдасанова.