Kyzylorda-news.kz. Қылмыстық атқару саласына қарасты №68 мемлекеттік мекемесіндегі кітапхана – сотталғандарды тәрбиелеу мақсатына қолданылады.
Мекемедегі кітапханашы Дияс Қашқынбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда кітапханада 4735 кітап бар. Бұдан бөлек «Юридическая газета», «Заң», «Үміт сәулесі», «Мысль» және тағы басқа да газет-журналдар жинақталған.
«Жыл басында жоспар жасалып, сол жоспар негізінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндағы сотталғандардың кітап таңдаудағы талғамы әртүрлі. Көбісі әдеби кітаптарды қалағанмен, арасында танымдық, кейде діни кітаптарды сұрайтындар да бар», - дейді Дияс Қашқынбаев.
Кітапханашының айтуынша, кез-келген кітаптар мен газет журналдар сөрелерге қойылардан бұрын мекеме теологтары мен қызметкерлер тарапынан радикалдық бағыттағы және шытырман оқиғалы туындылар мен мекеме ішіне алып өтуге тыйым салынған заттардың бар жоқтығын анықтау мақсатында арнайы тексерістен өтеді.
Мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қайрат Олжабаев жылдан-жылға сотталған азаматтар арасында кітап оқитындардың саны артып келе жатқанын айтты.
«Осыған байланысты, кітап қорын арттыру мақсатында жан-жақты тынбай ізденіп жұмыстар жасадық. Өткен жылы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Рахметова 150 кітап, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан 300-ге жуық кітап әкелінген болатын. Биылғы жылы қыркүйек айында осы Ә.Тәжібаев атындағы кітапханасынан алдын ала сұраныс жіберіп, 93-ге жуық кітап алынды. Сондай-ақ, қаламыздағы жастар арасында құрылған «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібай Амангелдіұлымен байланысып, сол азаматтың ұйымдастырумен өткен «Кітап сыйла» акциясы аясында 30-дан аса кітапқа қол жеткіздік. Бұл әкелінген кітаптар арасынан сотталғандарға, патриоттық, ұлтжандылық тәрбие беру мақсатында класик ақын-жазушыларымыз Сәкен Сейфулин, Мұхтар Әуезов,ұлы Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын оқытып, талдаттық. Өтілген іс-шаралардан соң,сотталғандар өлең шығарып, эссе, шығарма жазып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Олай болса, мекеме кітапханасындағы кітаптардың сотталғандардың өмірге деген көзқарасын қайта бағыттау мен оң тәрбие берудегі маңызы зор», - дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,әділет майоры Қайрат Олжабаев.

