Kyzylorda-news.kz 12 мамыр – Аналар күні мерекесінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды.
Кітап мәртебесін көтеру мен жастарға кітап оқуды насихаттау мақсатында бұл ұйымдастырылған акция барысында кітапханаға бірнеше кітап сыйға тартылды. Сыйға тартылған кітаптар арнайы кітап бұрыштарына орналастырылды.
Іс-шараға қатысушылар кітапхана сөрелеріндегі кітаптарды көріп, ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екендігін, өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы да осы кітапта жатқандығын айтып, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білімдерін жетілдіруге шақырды.
Сондай-ақ, акцияға қолдау білдіріп, кітапхана ұжымына ризашылығын білдірген батыр ана Берманова Раунақ Берманқызы 200 ден астам кітапты сыйға тарту етті.
– Барша қатысушыларға акцияға атсалысқаны үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сіз сыйлаған әрбір кітап өз оқырманын табатынына сенімдімін. Сіз бен біз сыйлаған кітаптарды оқу арқылы бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат болып өсері анық. Барлық жастарды кітап оқуға шақырамын. Ел ертеңін ойлайтын азамат бүгіннен бастап болашағын қалыптастыруы қажет. Баршаңызға мың алғыс! – деді ол.