Kyzylorda-news.kz Кітап – рухани жұтаң етпей, ақыл-ойды дамытатын теңдессіз құрал. Оқырманға берері көп болғандықтан, сарқылмайтын қазынаға балайтынымыз содан. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі кітапхана қорын толықтыруды тасада қалдырған емес. Бұл жолы №6 қалалық орталықтандырылған кітапхана ұжымы 50 кітапты сыйға тарту етіп, оны аға кітапханашы Айнұр Тайлыбаева табыстады.
Оқуға ниетті адамға түрлі жанр табыла кетеді. Мұнда детектив, көркем-әдеби және тарихи кітаптың қарасы қалың. Тіпті, салалық бағытта да сан дерекке көз жүгірту мүмкіндігі бар.
– Адам жанының азығына баланған кітаптың пайдасы зор. Әрі жазасын өтеушілерді қайта әлеуметтендіру жұмысының маңызды бөлігі де осы. Сондықтан, олардың сұранысын қанағаттандырып, қажетті кітапты қарастыруға тырысып келеміз. Бүгінде жалпы кітап саны – 5 мыңға жуықтады, - дейді мекеменің кітапхана маманы Асылбек Бурханов.
«Жер бетіндегі жүрегі бар жалғыз үй – кітапхана» деген қанатты сөздің жаны бар. Қоғамға бейімделіп, дұрыс таңдау жасауға түрткі болса нұр үстіне нұр. Демек, алдағы уақытта да мекеме мен рухани мекен арасындағы байланыс бекіп, ізгі жұмыс жалғаса түспек.
