Kyzylorda-news.kz Елімізде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық марафоны басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын іске асыруға бағытталған жоба қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, сыни ойлауды дамытуды және Қазақстанды әлемдегі кітап оқитын озық он елдің қатарына қосуды көздейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Күлбаев, өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Әділет» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы және Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев мәлімдеді.
– «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға бағытталған. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2 қыркүйектен бастап ресми түрде бастау алды. Марафонның негізгі мақсаты - кітап оқуды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тілдің дамуына ықпал ету, ойлау қабілеті мен зияткерлік әлеуетті арттыру. Жоба мектеп, колледж, университет, педагог, әулет, мемлекеттік қызметші және «Зияткер» бағыттары бойынша ұйымдастырылады. Қатысушылар 330 кітаптан тұратын арнайы тізімнен өз таңдауы бойынша 15 кітап оқып, кейін арнайы тесттер мен квесттерге қатысады. Марафонға алтыншы сынып оқушысынан бастап, ата-ана мен зиялы қауым өкілдеріне дейін кез келген азамат қатыса алады. Мұнда жас шектеуі жоқ. Басты талап – кітап оқу. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Үздіктер арнайы тесттер мен квесттердің қорытындысы бойынша анықталады ,- деді Ғалымжан Қыдырияұлы.
Ауқымды зияткерлік-ағартушылық жобаға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, кітапсүйер әулеттер мен мәдениет және ғылым саласының өкілдері қатыса алады.
– Жобаның алдағы бес жылға арналған өршіл мақсаты – Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тарту. Бұл - отбасы, балалар мен жастарды, кітапханаларды, білім беру және мәдениет ұйымдарын, сондай-ақ бүкіл қоғамды кітап оқу арқылы даму идеясының төңірегіне біріктіретін қозғалыс. Бірегей жоба оқу мәдениетін ілгерілетудің түрлі форматтарын сынақтан өткізуге, балалар мен ересектерді тартуға және бастама ауқымын бүкіл ел көлемінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Кітап оқу марафоны 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы наурыз аралығында алты ай бойы өтеді. Нәтижесінде үздік оқырмандар финалға жолдама алып, республикалық деңгейде бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады. Марафонға қатысу үшін reading-nation.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет. Платформада «Қалай жеңімпаз атануға болады?» бөлімі арқылы жоба шарттарымен және әр бағыт бойынша ұсынылған кітаптар тізімімен толық танысуға болады ,- деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде Сапар Әлиасқарұлы өңір кітапханаларында оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Биыл «Кітап керуені» жобасы облыстың бірқатар ауылдарында ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында «Жазғы оқу сайысы» өткізілді. Сонымен қатар, Қызылорда облысы әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық меморандумы жасалып, өңірде оқу марафоны бастау алды.
– Алдағы уақытта кітапханаларды жастардың тұрақты бас қосатын орталығына айналдыруға басымдық береміз. Осы мақсатта Абай оқулары, ашық есік күндері, «Кітап-тайм» фестивалі және «Үздік оқырман - 2026» облыстық байқауы сияқты жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастамалар оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Одан бөлек, кітапханаларды жаңғырту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту, жастарға арналған креативті жобаларды көбейту, ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды дамитын болады , - деді Сапар Әлиасқарұлы.
Брифингте спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп, жобаға ақпараттық қолдау көрсетуге, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
