Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы «Руханият» орталығындағы аудандық кітапханада Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында тағылымды іс-шара өтті.
Рухани басқосуға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, кітапхана қызметкерлері, марафонға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Тағылымды шарада аудан әкімі сөз сөйлеп, кітапхананың қоғамдағы рөлі, кітап оқудың адам өміріндегі маңызы және республикалық марафон аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Оқитын ұлт – бәсекеге қабілетті ұлт». Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, - деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы нақты әрі маңызды қадам ретінде Мемлекет басшысы 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықты жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірін қамтыған «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафоны қолға алынды. Бұл – қоғамның ойлау мәдениетін өзгертуге, білімге деген құштарлықты арттыруға, кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған маңызды ұлттық бастама. Ауданымызда жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонының «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Парасат», «Кітап оқитын зияткер», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет» сынды 8 бағыты бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, оған тұрғындарды кеңінен тарту мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Бүгінгі таңда аудан бойынша марафонға тіркелгендер саны 14 412 адамды құрап отыр. Осы кезеңде 13 988 кітап оқылып, 13 068 адам оқыған кітаптарға қатысты өз пікірлерін білдірген. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының марафонға белсенді қатысып жатқанын аңғартады. Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген өсиеті қай кезеңде де өзектілігін жоғалтқан емес. Бүгінгі басқосу да осы ортақ мақсатқа қызмет етіп, ауданымызда кітап оқу мәдениетін дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін. Баршаңызға шығармашылық табыс, ізденіс пен еңбектеріңізге жеміс тілеймін, - деді аудан басшысы.
Шарада республикалық марафонның «Зияткер» бағыты бойынша қатысушысы, ардагер ұстаз Айжахан Ысқақова, «Педагог» бағыты бойынша қатысушысы, Бердікен Мергенбаев атындағы №226 орта мектептің директоры Нұрлан Имашев, «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша Ақтан батыр ауылының тұрғындары Тойбазаровтар отбасы және басқа да бағыттар бойынша қатысушылар сөз сөйлеп, кітап оқу тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу аясында қатысушылардың білімін саралаған интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, қатысушылар назарына «40 роман» атты әдеби көрінісі ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінде Қазалы ауданында орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 26 кітапхана аудан тұрғындарына рухани және мәдени қызмет көрсетіп келеді. Кітапханалардың жалпы кітап қоры 582 мың 306 данаға жетті.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі
