Kyzylorda-news.kz Республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында өңірлік форум-семинар өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қолдауымен және Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Форумға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының инспекторы, полиция подполковнигі Ермаханов Нұртілек Тұрмаханұлы қатысып, киберқауіпсіздік бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың киберқауіпсіздік саласындағы хабардарлығын арттыру, дербес деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту.

Форум барысында:

  • киберқауіпсіздік және цифрлық гигиена;
  • дербес деректерді қорғау;
  • интернет-алаяқтықтан сақтану;
  • цифрлық ортадағы негізгі қауіптер және олардан қорғану тәсілдері талқыланды.

Қатысушыларға киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар беріліп, сұрақ-жауап сессиясы өткізілді. Сонымен қатар сала мамандарына арналған воркшоп ұйымдастырылды.

Іс-шараға Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, IT-саланың және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум-семинарға 120-дан астам адам – мемлекеттік қызметшілер, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, кәсіпкерлер, IT-мамандар және цифрлық қауіпсіздікке қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.

Киберқауіпсіздік айы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өңірде жүйелі түрде жалғасуда. Қала және аудан орталықтарындағы LED экрандарда, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарында киберқауіпсіздікке арналған бейнероликтер көрсетіліп, тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру материалдары ұсынылуда.

Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі. Цифрлық ортадағы қауіпсіздік те әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Киберқауіпсіздік талаптарын сақтау – интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды кепілі.

Семинар.jpeg

Тағы да оқыңыз: