Kyzylorda-news.kz. Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қуаныш» әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 10 жыл толады. Өнер жолындағы қадамын 2014 жылы бастаған ауыл әжелерінен құралған ансамбль өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, қазақ өнерін жандандыру, ата-баба дәстүрін ұлағаттау мақсатында құрылған болатын. Өнер ұжымының құрамын Қызылжарма ауылдық округінде түрлі салада еңбек еткен 14 ақ жаулық аналар құрайды.
Оның ішінде домбырашы – Бидаш Ермағамбетова, Мәдина Ералиеваның даусын сомдап, «Тірілген дауыс» деген атпен ауыл ішінде танылған Бибіхадиша Рахымжанова, әнші – Ұлбике Еділова, Гүлзада Еділова, Раушан Тәшенова, республикалық ақындар мүшайрасының жеңімпазы, ақын Гүлжан Тәшенова, баяншы Күміскүл Сәтбаева және дауыста ән салушы Гүлжан Иманғалиева, он саусағынан өнер тамған ісмер Сәнтай Нұрмаханова мен Сәуле Тайбекова, көмейіне бұлбұл ұялаған, диапазоны кең, ерекше дауыс иесі Кәмилә Жолаева, талантты әншілер Света Бикешова мен Ақманат Бекетова бар.
– Он жылдан бері сахна төрінде өнер көрсетіп келеміз. Ән шырқап қана қоймай, қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрін қайта жаңғыртудамыз. Бойында таланты бар әжелерімізді халық алдына шығарып, ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат еттік. Ансамбльді құрарда артыма із қалдырғым келді. Көненің көзі, асылдың сынығы әжелерден топ құруды қолға алдым. Ауыл әкімінің орынбасары Смайлова Сәрсеннің ықпалымен ансамбльді құрдым. Талайы аяқ тартып, атымыздан ат үркитін дәрежеге жеттік, – дейді ансамбльдің жетекшісі Қуаныш Ахметқызы.
Ансамбльдің атауын жетекшінің құрметіне «Қуаныш» деп әжелердің өзі атаған екен. Қуаныш Ахметқызы – халықтың сүйіктісіне айналған әнші, баяншы. Бақытын өнер мен өмірден тапқан батыр ана.
Ұлттық нақышта оюланған аппақ шағаладай көйлек пен көздің жауын алған кимешекті ансамбль мүшесі Раушан Тәшенова тігеді екен. Әр концертке жарқырап жаңа киіммен және мерекелік әуенмен баратынын айтты. Ансамбль патриоттық, фольклорлық бағытта ән шырқап, Қуаныш Ахметқызы баянмен сүйемелдейді. Топта екінші дауыста орындай алатын жалғыз әжеміз – Гүлжан Тәшенова. Бүгінде ансамбльдің гимніне айналған «Қызылжарма ауылым» әні өз орындаушысын тапқан.
Ансамбль ашылған жылы-ақ, Абай ауылында өткен «Дәстүрімнің бал қаймағы – әжелер» атты қалалық байқауда бақ сынап, ІІ орынды еншілеген. Алматыда өткен республикалық 55-90 жас аралығындағы ансамбльдер арасындағы байқаудан бас жүлде алса, өнерлі топтың екі мүшесі жеке дауыста ән шырқап, жүлделі орын алған. «Ел іші – өнер кеніші» байқауында 3 жыл қатарынан бас жүлдені бермей келеді. Ал наурыз айында «Асыл ана – келінге пана» атты қалалық байқауда ансамбль мүшесі Ермағанбетова Бидаш келіні Бекболатқызы Айым екеуі қатысып, І орынды иеленген. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты қалалық әжелер байқауында Нұрмаханова Сәнтай І орын алып, көш бастаған. 2016 жылы ансамбль мүшесі, өнерлі әжелеріміз Иманғалиева Гүлжан немересі Бақтыбай Айыммен, Ермағамбетова Бидаш немересі Талғат Бексұлтанмен, Еділова Ұлбике немересі Өмірсерік Ақеркемен бірге «Әжем айтқан ертегі» байқауында бақ сынап, қоржынын жүлдеге толтырған.
– Сарыағаш шипажайында ем қабылдап жүргенмін. «Әжем айтқан ертегі» байқауын «Гәкку» арнасы беріп жатыр екен. Сол байқауға қатысқан өзімді және ансамбль мүшелерін көріп қатты қуандым. Сарыағаш қаласында жүріп теледидардан ансамблімізді бүкіл Қазақстан тамашалағанына дән ризамын, – деді Ұлбике Еділова.
Ансамбльдегі әжелер бала кезінен әнші болуды армандап, алпысты алқымдаған шағында армандары орындалған. Қаннан дарып, бойға сіңген қоңыр дауыс иелері сыңғырлаған үнімен көптің көзайымына айналып жүр. Ансамбльді ешкім қаржыландырмаса да өз күштерімен аяққа тұрған. Қаладағы кей мерекелік жиынның салтанатын «Қуаныш» әжелер ансамблі ашады екен. Әжелер ансамблінің мүшелері айтқандай, Қырымбек Көшербаев аймақ басшысы болған кезде өнерлі топтың өлеңін талай тыңдаған.
– Әжелеріміз өнегелі ене, ардақты әже атанып, бір-бір шаңырақтың ұйытқысы, ақыл айтар ақ жаулықты анасы атанып отыр. Жастары жетпіске таяса да, белсенділігіне тәнтіміз. Ұлттық өнерімізді өрбітіп, төрімізге шығарып келеді. Әрқайсысымен мақтанамын, – деді ансамбль жетекшісі. «Қуаныш» әжелер ансамблінің 11 сәуір күні Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Биыл бізге – 10 жыл» атты шығармашылық кеші өтеді. Ұлттық нақышта сахнаға сән берген, көрерменге әр берген, тыңдаушыға нәр берген ақ кимешек киген әжелеріміз қазақ анасының болмысын ашып тұрғандай.
