Kyzylorda-news.kz. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылының соңында Кеңес Үкіметінің елімізде шағын серіктестіктер мен артельдерді біріктіріп, оларды ірілендіру саясатының нәтижесімен ауданда Құмжарған, Абыла, Көкшоқы, Алғабас, Қаракөл, Тасқын, Қайыршақты, Бозарық серіктестіктері құрылып, кейіннен оларды да ірілендіру мақсатында Абыла, 1 Май, Каганович, Қаракөл деп аталатын майда ұжымшарларды құрды.
Ал, өз кезегінде бұл ауылдарды Алмағамбет Сқақов, Жүніс Төлегенов, Хайрулла Байдүйсенов, Тарбақ Жапалақов, Ізет Қадіров, Сермахан Тұрабаев, Нұртаза Ахметов, Қалмаұрат Тәжіманов, Міңкір Кішкенеев, Әбен Ниетбаев пен Әлия Арқабаева сынды ел құрметтілері басқарып, оның өркендеуіне үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ, 1950 жылы жоғарыда аталған майда ұжымшарлар ірілендіріліп, оның орталығы Каганович ауылы болды. «Қызылтам» ауылдық кеңесі ретінде оның төрағасы болып Омар Қошаманов жұмыс істеді. Осы ретте айта кету керек, манағы шағын ұжымшарда мекен еткен тұрғындарға орталыққа жиналу, жұмыс істеу қиындық туғызып, ауыл белсенділерінің ұйғарымымен, яғни шаруашылық әлеуетін арттыру мақсатында 1956 жылы «Қармақшы» қой кеңшары болып қайта құрылды. Оның орталығы Абыла стансасы болды. Кеңшар құрылған алғашқы жылы 5520 бас қой, 224 бас жылқы, 143 бас түйе мен 955 бас мүйізді ірі қара малы тіркелді.
Міне, осыдан кейін ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі арта бастады. Ал оның алғашқы директоры болып Александыр Нагай тағайындалса, кейіннен оның орнын Сәндібек Нұғыманов, Смайл Байболов, Қоңырбай Молдабеков, Срайл Бектөреев деген арда азаматтар ауыстырып, елдің болашағы үшін ерен еңбегімен ел құрметіне бөленді. Осындай атпал азаматтардың салған сара жолын жалғастыруда 1975 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Исағали Жұмағұлов шаруашылық төрағасы болып тағайындалып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша абыроймен басқарды. Осы жылдар аралығында қой саны 70 мыңға, жылқы басы 1000-нан асты, сондай-ақ, түйе 750 басқа жетті, тіпті ет-жүн өндіру де 6 есеге, қаракөл елтірісін өндіру 4 есеге өсті. Аудан дейміз ау, облыс, республика алдында шаруашылықтың беделі артты. Ауыл экономикасын нығайту, тұрғындардың әлеуетін арттыру мақсатында заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел мақсатына жұмыс істеді. Ауыл іші көркейіп, гүлденді. Малшылар Қарақұмға жайлауға көшіп, төрт түлік санының артуына үлкен жұмыс атқарды.
Міне, осындай еселі еңбектің арқасын «Қармақшы» қой кеңшарының аты облысқа, республикаға, одан қалды Одаққа танылды. 7 рет бүкілодақтық, 10 рет республикалық еңбек жарыстарында жеңімпаз атанса, бірнеше рет түрлі деңгейдегі ауыспалы Қызыл Туларды, Құрмет граматолары мен дипломдарын жеңіп алып, шаруашылықтың, тіпті еңбек адамдарының суреті Құрмет тақтасына ілінді. Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесі мен республикамыздың Алтын кітабына шаруашылық пен еңбек озаттарының есімдері енгізілді.Сонымен қатар, ауылдан Төлепберген Бөрібаев, Жұпаркүл Иманбаева сынды екі бірдей еңбек майталманы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген Телқара Байзақов, Мыршай Қашақанова, Байтөлеп Малаев, Жұмабек Смғұлов, Әбілқасым Демеуов, Сүлеймен Құрмантаев, Түгел Абуов, Батырхан Жасқсыбаевтай, басқа да орденді шопан, түйекеш, механизаторлардың атағы елге данықталды.
Жуырда тілшілік сапармен осындай берекесі тасып, биік белестерді бағындырған Қармақшы ауылына жол салдық.
Бізді әкімдік алдында күтіп алған ауыл әкімі Аязбек Есқараевқа мән-жайды түсіндірген соң, ол ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме тінін тарқатты.Әкімнің айтуынша, өткен жылы жер, мүлік, көлік салық салығы 100 пайызға орындалған болса, жеке тұрғындар арасында мүйізді ірі қара –2227 бас, жылқы – 1018 бас, қой –2269 бас, түйе – 913 және құс –687 болып тіркелген. Сондай-ақ, ауылда шағын және орта кәсіпкерлік те дамуда екенін тілге тиек ете келе, өткен жылы мемлекеттік «Ұлттық жоба» арқылы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы қайтарымсыз грантқа қатысқан 18 тұрғын жобалары арқылы кәсіптерін дөңгелетуде. 3 тұрғын өндірістік бағытта шағын цех, ашып, ауылдастарына түрлі бағытта кәсіпкерлік қызмет көрсетуде.
Енді бір айта кетерлік жайт, Туысбек Қалданов, Серік Сағынбек, Жандос Жолтаев сынды кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар аясында «Жылқы өсіру» бағыты бойынша еңбек етіп жатса, Наурыз Суатбеков, Орынбек Құндыбековтей жеке кәсіпкерлер бірі өз қаражатына, бірі қайтарымсыз грант арқылы «Дәнекерлеу», «Компьютер жөндеу» шеберханаларын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Әкім өз сөзінде өткен жылы ауыл балалары үшін ойын алаңы пайдалануға берілгенін, Қызылтам елді мекеніне кіріберіс жол жөнделгенін айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының көптен көкейлерінде жүрген мәселелердің бірі – «Қожатай» бөгетінің бүгінгі хал-ахуалы болатын. Бұл мәселе де өз шешімін тауыпты. Яғни, аудан әкімдігінің қолдауымен облыстық су шаруашылығы басқармасы арқылы ол қайта қалпына келтірілді. Ауыл тұрғындарының енді бір шешімін таппай жүрген мәселе «Қайран жарған» каналының сағасын жөндеу еді. Бұл да шешімін тауып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ал, енді осы округ бойынша биылғы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ,
– Биыл ауыл орталығындағы тарихы тереңді бойлаған «Желдиірмен» жөндеуден өткізілуде, тамыз айында жұмысы аяқталып, ел игілігіне қызмет етеді деген ойдамыз. Сонымен қатар жақын арада ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде жаңа су айдау стансасы да ел мүддесіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары арасында бақша егуде облыстық табиғатты реттеу және пайдалану басқармасының қолдауымен жаңа насос сатып алынды. Бүгінде ауыл сыртынан бақша егуге ниет білдіргендер 18 гектар егістік алқапқа түрлі бақша дақылы, картоп, көкөніс егіп баптауда. Жақын арада оның жемісін көреміз деп те жүр бақшашылар. Күзде жоңышқа егуді де қолға алуды жоспарлап отырған жайымыз бар. Ауыл тұрғындарының аулалық бақшалық жерін аяқ сумен қамтамасыз етуде де табиғатты реттеу және пайдалану басқармасының қолдауымен жаңа су айдау насосы сатып алынып, жұмыс жасауда. Бауыржан Төлеуов деген азаматымыз өз қаржысына дәнекерлеу цехын ашып, ауылдастардың сұранысын орындауда болса, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Гүлназ Әбдірахманова «Түйе өсіру» жобасы арқылы шұбат өндіру кәсібін қолға алуда. Енді бір айта кетерлік жайт, ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда аудандық селолық тұтыну кооперативінің жұмыс істемей тұрғаны ғимараты жастар жиналатын орынға айналып, аудандық жастар ресрурстық орталығының демеушілігімен үстел теннисі сатып алынды. Бүгінде жастарымыз орталықта бос уақыттарын тиімді пайдалануда. Қызылтам елді мекенінде де биыл біршама жұмыстар атқарылады. Атап айтар болсақ, ойын алаңын салу және елді мекенге кіреберіс жолға ауыл паспортын ілу жоспарлануда, – деді ауыл әкімі Аязбек Есқараев.
Түйе – түлік төресі
Қармақшы ауылында Ойсылқара ұрпағын өсіру кәсібімен айналысатын отбасылар жетерлік. Солардың бірі – жаста болса, өзінің іскерлігімен, еңбексүйгіштігімен ауылдастыры арасында құрметке бөленіпі жүрген жас түйекеш – Ғани Жүсіпбеков.
Бала жасынан төрт түліктің осы түріне қызығушылық танытқан Ғани өсе келе арманын жүзеге асыруды әкесі Дүйсенбай Рахманқұлұлы мен анасы Мариямкүл Сәрсенбайқызының қолдауымен қолға алады. Халық ауызында «Дала кемесі» атанған осы бір үй жануарына деген қызығушылықтың арқасында бүгінде Ғанидың бағымында жүзге жуық түйе бар. Біз жас түйекешпен кездескенімізде ол түйе жануарына деген ықыласының ерекше екенін жеткізді.
«Мен Дүйсенбай әкемнің отбасындағы 4 ұл, 1 қыздың бірімін. Барлығы да білімді. Шаңырақтары бөлек. Мен бала кезден мал шаруашылығына жақын болып өстім. Әсіресе, түйе жануарына деген ықыласым ерекше болды. Түйе – түлік төресі ғой. Оның еті мен сүті емге шипа, жүні киім, мінсең көлік, жем-шөпті көп керек етпейтін мал дегендей, түйе қай-қай жағынанда адам өміріне көп септігін тигізетін асыл жануар. Міне, осындай үй жануарын қалайша жақсы көрмейсің. Менің кәсібімді ата-анам да қолдайды. Білмегенімді түсіндіреді. Анам сүтін сауып, құрт, ірімшік жасайды. Қорамда одан басқа асыл тұқымды мүйізді ірі қара, жылқыларым бар. Оларды да өсіріп, көбейтудемін. «Әйт, шуу!» деген – атанға демеу», «Әуп!» деген – ерге демеу», – дегендей, түйе тұрмысқа кіріс кіргізетін бірден бір түлік, сондықтан мен жастарды мал шаруасына, оның ішінде түйе ұстауға шақырамын. Бұған дейін әкем де мемлекет тарапынан несие алып, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты, қазір де қосып келеді. Мен де ата жолын қуып өрісімді кеңейтікім келеді. Егер мендей жастарға мемлекет тарапынан қолдау болса», – дейді жас түйекеш Ғани Дүйсенбайұлы.
Жас та болса, шаруасына мығым Ғани Жүсіпбеков ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азамат. Ол туған жерінің перзенті ретінде ауылдың көркейіп, гүлденуіне еңбек сіңіріп, өткізілетін қоғамдық, мерекелік шаралардың белсенді мүшесі ретінде көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, дарынды жастарға қолдау көрсетуде де алдыңғы қатардан табылып келеді.
Бақыт балалы үйге қонады
Құшағына тартып, жылуына бөлеп, мейірімін төгіп, өмірдің мәні, тұтасындай болған асыл жан ол әрине ана.Мына заманда мұндай атаққа лайықты болып жүрудің өзі мәртебе. Осы атқа лайықтылардың лайықтысы жатады деп білемін.
Қармақшы ауылына барған тілшілік тірлігімізде бірге жүрген ауылдық әкімдік маманы Дәулет Аруханов бізді Батыр ана, Рыскүл есімді анамыздың отбасына әкелді. Расында да, Өмірбековтер әулеті ауылдағы көпбалалы отбасының бірі екен. Әулет отанасы Рыскүл Тоқшылыққызы жұбайы Қалдыбек Есенжолұлымен құрған бақытты шаңырақта 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Біз осындай бақыттың құшағында тату-тітті өмір сүріп жатқан шаңыраққа бас сұққанда онда үй иесі Мараттың 5 жасар ұлын сүндетке отырғызып, алыстан құтты болсын айтып, әулеттің басқа да ұл-қыздары келіп жатыр екен. Біз де олардың қатарына қосылып, сәбиге құтты болсынымызды айттық. Одан әрі қонақжай Рыскүл апайымыз бізді дастарқан басына шақырды. Дәм-тұз бұйырып біздер тілшілік тірлігімізді де ұмытпай, апайға келу мақсатымызды айттық.
– Мен осы ауылдың тумасымын. Қарапайым шаруа отбасында өстім. Оқыдым. Құдай қосқан қосағым Қалдыкеңмен отау құрдым. Қазақтың қарапайым келіні ретінде ата-енеме қызмет көрсетіп, 11 ұрпақ өсірдім. Ауыл жанындағы фермада 20 жылға жуық уақыт сауыншы болдым. Аманкүл Берманова, Зейнеш Тарбақова, Жақсыбике Күзенбаева, Райхан Аманова сынды құрбыларыммен сиыр саудым. Еңбегім де еш кетпеді. Бірнеше рет мадақтамаға ие болдым. Исағали Жұмағұлов, Жәлел Опашев, Әбдіхамит Киізғапов деген ел құрметтілермен бірге туған халқыма адал қызмет еттім. Ағалардан үлгі алып, шәкірт те тәрбиеледік. Әлимаш Жаңқасқаева, Асылбек Алмашев, Әмит Әкімтаев, Сағынбек Досмаханов сынды азаматтармен отбасылық қарым-қатынаста болдық, қазір де болып келеміз. Содан кейін автодүкен көлігін жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек еткен отағасым Қалдыкеңмен ел ауызындағы «Қарақұм емес, Қарағым» деп аталатын Қарақұмның №2 фермасындағы, «Тышқан тамы» елді мекеніндегі малшыларға азық-түлік, пошта, басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар жеткізіп беріп тұрдық. Бұл қызметте де абыройлы болдық. Көптеген құрметті марапаттарға иесі атандық. Қазақ даналығында «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген үлкен мағыналы ұғым бар. Шүкір, Жаратқанның жаныма серік еткен қосағыммен бірге 11 ұл-қыз үкілеп өсірдік. Оларды үлкен өмірге қанаттандырдық. Ұлымыз ұяға, қызымыз қияға қонды. Барлығы да өз дәрежесінде білім алып, егемен елдің жарқын болашағы үшін еңбек етіп жатыр. Әрине, мұның бәрі мен үшін үлкен бақыт. Тек отағасымның осы қызықты көре алмай ерте кеткені болмаса, – дейді алтын құрсақты Рыскүл ана.
«Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», – дейді атам қазақ. Мұның мағынасына келсек, ұзақ жыл өмір сүріп, қоғамға көп пайдасын тигізген, өнегелі өмір жолымен туған халқының құрметтісі болғандарды айтады. Иә, Ұлы Отан соғысының екінші жылында өмірге келіп, оның ащы да кермек дәмін татып өсіп, омырауында Алтын жұлдыз мен «Алтын алқа» белгісі, «Ана даңқы» ордені, «Ана» медалі жарқыраған Рыскүл анамыз бүгінде 81 жаста. Ол алтын құрсағынан шыққан 11 ұл-қыздан тараған 43 немере, 20-дан астам шөбересінің алақанынан су ішіп, «аяулы әже» деген ардақты есімді иеленіп отырған бақытты жан, ауылдың ақ баталы анасы.
Бағбан болсаң бақ өсір
Өзіңнің бау-бақшаңның болғанына не жетсін. Көкөніс, жеміс, гүл атаулының бәрін өз қолыңмен өсіріп, күз шыға жемісін көріп отырған ғанибет емес пе. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» дегендей, Қармақшы ауылындағы сапарымызда ауылды аралап жүріп, шағын аула жанынан өтіп бара жатып, түрлі жеміс-жидекке, бақшасында қауын-қарбыз, басқа да бақша дақылдары өсіп тұрған аулаға тап болдық.Жол бастаушы Дәулет інімізден бұл кімнің шаңырағы екен дегенімізде, ол күле қарап, танысам десеңіздер жүріңіздер деп ұсыныс тастады.Жағымды жаңалыққа душар болып отырған біз оның сөзін құптап, артынан ердік.Аулаға кіргенімізде шағын бақшалықта қолына жуа ұстап келе жатқан әйел кісінің көріп, амандастық. Өзін Роза деп таныстырған ол бізді үйге бастап, отағасыны шақырды. Зайыбының дауысын естіп сыртқа шыққан ер адам бізбен амандаса келе өзін Бақытбек деп таныстырған соң, біз де өзіміздің осы үйге келуіміздің мән-жайын түсіндірдік. Сапарымыздың мақсатына қаныққан соң Бақытбек Күнбайұлы әңгімесін бастап кетті. Өзінің осы ауылдың тумасы екенін айта келе, 1988 жылы Розамен отау құрып, 5 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отырғанын жеткізді. Балаларының барлығы да отбасылы екенін айта келе, өзінің бағбандық кәсіпке бейімделуі бала кезден басталғанын тілге тиек етті. Яғни, бағбандық әкесі Күнбайдың егін еу, жеміс ағаштарына деген құрметі оның осы кәсіпке жақын болуына үлкен әсер еткенін жасырмады.
Расында да, шағын ауласындағы бақшалықтан жүзімнің түр-түрін, қызыл, сары, қара өрікті, жемісін беріп тұрған алмаұрт пен алманы көрдік. Тіпті, шағын бақшалыққа қызанақ, қияр, қауын-қарбыз, қырыққабат, қызылша, жуа, жусай, жүгері, картоп, асқабақ, басқа да көкөністер ораластырып, оның жемісін көріп отыр десек артық айтандық емес. Жоңышқаның да екінші орымын орып алған.
«Ауылымыз негізінен мал шаруашылығына бейімделген. Кеңшар тарамай тұрғанда трактор айдап, малға жем-шөп дайындадық. Оны Қарақұмдағы қой фермаларына тасыдық. Еңбегімізге қарай марапатталдық. Бірақ егеншілк кәсіпке бала жастан құштар болған соң ба осы кәсіпті өзіме жақын ұстап, бағбандыққа бейім болып өстім. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, ауылымызда жеміс-жидекті аула онша көп емес. Бірақ бүгінде жас отбасылар арасында бақша егіп, аулаларына жеміс-жидек отырғызуды бастағандар бар. Менің Қалдыбай, Орақ, Рысбек, Айдос, Ринат, Қуаныш есімді көршілерімнің ауласында түрлі жеміс-жидек өсіп тұр. Оларға қолдан келген ақыл-кеңесімді де беріп тұрамын», – дейді бағбан. Осы кезде әңгімемізге араласқан Роза Жаманбайқызы: «Мен де қарапайым отбасының қызымын. Жаңа отбасыма келін болып түскеннен кейін отбасылық кәсіпті меңгеруге бет бұрдым. Бұл кәсіп менің өміріме көп нәрсені үйретті. Өкінбеймін. Күзде алған өнімімнен тосап жасаймын, оны сатамын. Кампот қайнатамын. Немерелерім келгенде сүйіп ішеді. Қолда бірнеше мүйізді ірі қара мен уақ малым бар. Олардан да алған өнімдерімізді жаратып отырмыз. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттен «Құс өсіру» бағытында қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде соның жемісін көріп отырмын», – деді Роза Ерман.
Болат жолдың болмысы
Келесі кезекте біз Қармақшы ауылына қарасты Қызылтам елді мекеніне жол салдық. Бұл елді мекендегі 70 отбасы мүшесі негізінен мал шаруашылығы, 76 орталау мектеп, клуб үйі мен фельдшерлік-акушерлік пункттен және темір жол саласынан нәпақасын тауып отыр.1944 жылы дүние дидарын ашып, бар саналы өмірін Қызылтам елді мекенінде өткізген қарт теміржолшы Өтеп Бекжановтың есімі тек қызылтамдықтарға ғана емес, облыс тұрғындарына танымал. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, 6 жасында әкесінің өмірден ерте озуы, бірақ анасының берген тәрбиесі оны ерте ер жеткізді. Мектепті тәмамдай сала жұмысқа орналасып, анасына көмектесті. Алғашқы еңбек жолын ауылдағы «Игілік-Балық» мекемесінде бастап, жыл өте Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге аттанды. Елге оралғасын теміржол саласының орталық светафорлық байланыс бөлімшесіне монтер болып орналасты. Бұл 1970 жыл болатын.
Жауапкершілік пен тиянақтылықты басты міндетім деп таныған жас маманның еңбегіне риза болған басшылар алдымен оны біліктілігін арттыруда арнайы оқу орынан жеберіп, кейіннен «ТУСМ» мекемесін жібереді. Бірақ жылдар өте ол өзі еңбек еткен теміржол саласына қайта оралады. Ұзақ жылдарғы еселі еңбегі үшін де білікті сала маманы басшылық тарапынан сый-құрметке ие болып, саланың өркендеуіне сүбелі үлесін қосады. Бірнеше рет «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, сала бойынша басқа да төсбелгілермен мадақталады.
«Еңбек түбі зейнет» дегендей, ел экономикасын нығайтуда, оның ішінде теміржол саласының өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан Өтеп Бекжанұлы жылдар өте құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. «Теміржол саласы ел экономикасының күретамыры екені белгілі. Мен өзімнің өмірімді осы салаға арнағаныма мақтанамын. Бұл салада еңбек етіп жүріп, Лонид Ким, Мұрат Бекошев, Бектөре Есенқараев, Кетебай Асанов, Аманжол Сәдуов, Мұратбек Өтепов, басқа да ерен еңбегімен ел есінде сақталған көптеген азаматтармен қатар жүріп еңбек еттім», – дейді өткен өмірін еске алған қарт теміржолшы.
Иә, «Өмір – өзен» демекші, бүгінде сексеннің сеңгірінен өтіп, ауылдың абызы атанып отырған қарт теміржолшы Өтеп Бекжанұлы өмірлік жары Ибагүл анамызбен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, бақытты ата атанып отырған жайы бар.
«Ата кәсібі – балаға мұра» дейді дана халық. Туған халқының амандығын, елінің тыныштығын тілеп отырған ауыл ақсақалы Өтеп Бекжановтың ұрпақтары арасында Берік және Ғани есімді балалары абыроймен ата жолын жалғастырып келеді. Оларды басшылық тарап өздеріне міндеттелген жұмыстарына берік білікті маман, теміржолшы деп мақтанышпен атайды.
Бақсаң сиыр бақ, сүт кетпейді шарадан
Аң, құс, балық аулау қазақ шаруасының көмекші кәсібі. Десе де негізгі кәсібі – мал өсіру. Мал – қазақ шаруасының асы, киімі, көлігі. Сондықтан да қазақ қоғамында «Мал адамның бауыр еті», «Малдының беті жарық, малсыздың беті кән шаршық», – деп бекер айтпаған.Бірақ, қазақ халқының санасында мал алды – қой болған. Қойдың еті мен сүті тамақ, жүні мен терісі киім әрі баспана. Халқымыз «Қойлы бай – қорлы бай», – деп, қойды дәулеттің алды санаған. Өйткені, «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп текке айтпаған. Ал, қойдан соңғы шаруақолды түлік – сиыр. Сиыр алдымен сүтімен, етімен пайдалы. Сондықтан қазақ шаруасы «Сиырлы бай – сары май», «Сиырлының үйі айран, сиырсыздың үйі сырдаң» деп айтады. Бірақ малдың бәрі бірдей емес. Сондықтан «Сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғып ал» деп ескертеді халық.
Бұл түліктің де сапалы, өнімді, өсімтал болуы ең алдымен тұқымына байланысты. Міне, осындай ұғымды санасына сіңірген малшылардың бірі – қызылтамдық Әкімбек Мамышев.Әкімбек осы кәсіпті өркендету мақсатында биыл «Мамыш» шаруа қожалығын құрып, Шиелі ауданы, Сұлутөбе елді мекенінен қазақтың «Ақбас» асыл тұқымды бұқасын сатып алған. Сонымен қатар бүгінде ол 50 бас мүйізді ірі қара аналығын бағымда ұстап отыр. «Қай кезде де атам қазақ баласы малға жақын болғаны белгілі. Малды ас, көлік ретінде пайдаланған. Мен де осы кәсіпті жалғастыруда биыл шаруа қожалығын құрып, сиыр бағып отырған жайым бар. Шиеліден әкелген асыл тұқымды Ақбас бұқаларым арқылы бағымымдағы жергілікті сауын сиырларымды асыл тұқымға айналдырудамын. Еңбегім де жемісін беруде. Алғашқы төлін де алдым. Ауылға жақын «Ақжан» елді мекенінде орналасқан фермерлік жерімізде бұл жұмыстарды жұбайым Әлия және тұрақты түрде жұмыспен қамтып отырған ауылдың бір азаматымен атқарудамыз. Алдағы уақытта тағы бір азаматты жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге отбасылық кәсібімізде жылқы мен уақ малымыз бар. Оларды да көбейту мақсатында жұмыс жүргізудеміз. Сүт, айран, қатық, құрт, ірімшік сияқты сүт өнімдерін өндіреміз. Балаларымызға, одан қалды көрші-көлемге береміз, ауысып жатса аудан орталығына, Қызылорда қаласына сатамыз. Осылайша еткен кәсібіміздің арқасында өмірімізді сүріп жатқан жайымыз бар», – дейді кәсіпкер Әкімбек Ысқақұлы.
Айтпақшы, әулеттің отанасы Әлия да өткен жылы қайтарымсыз грантқа қатысып, одан өз үлесін алған екен. Нақтысын айтқанда, Әлия Пайызханқызы мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мақсатындағы қолдауына ие болып, «Сүт бағыты» бойынша жоба қорғап, бүгінде оның рахатын көріп отырған ауыл тұрғынының бірі.Ол өз сөзінде мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылыған жобадан өз үлесін алып, бүгінде оны жүзеге асырып отырғанын жеткізді. Және де сол сатып алған сауын сиырларынан өндірген сүт өнімдерін аудан, облыс орталықтарына сатып, отбасылық бюджетін толықтыруда екенін айтты.