Kyzylorda-news.kz. Соңғы он жыл көлемінде қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған еді. Әсіресе, желді аймақтың тазалығын сақтау басты талап болатын. Содан бері осынша уақыт өтсе де, бұл күн тәртібіндегі өзектілігін жойған жоқ. Қазір Қызылорда таза қалаға айналды. Дегенмен түйткілді мәселе әлі де баршылық.  

Осы он жыл шамасында қала тазалығына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі тұрақты  жұмыс істеп келеді. Негізі 2013 жылы құрылған мекеменің қысы-жазы атқаратыны облыс орталығын мұз бен қардан, қоқыстан тазарту, одан бөлек көшелерді жуып, шаю, су себу секілді қызметі бар. Мұның бәрін атқарып жүрген техника мен тазалықшыларды қала көшелерінен кездестіру қиын емес. Десе де аталған мәселе әлі де бір жолға қойылмаған. 

Иә, қала орталығының мұнтаздай тазалығымен барлық аумаққа баға бере алмаймыз. Себебі, қоқыс алаңына айналған аумақ  шаһарда жетерлік. 

Тазалыққа қанша адам жауапты?

«Қызылорда тазалығы» қала бойынша тазалыққа жауапты арнайы техникасы бар мамандандырылған бірден-бір мекеме саналады. Мекеменің бүгінде 570 қызметкері, 136 техникасы және жауапкершілігіне берілген 800-ге тарта көшесі бар.   

Қазіргі таңда мекемедегі штат саны  - 570, оның ішінде нақтысы 542 адам. Санитарлық тазалыққа қамтылған адам саны – 341 адам,   (оның ішінде 184 - тазалық жұмысшылары, 70 - жүк тиеушілер, 10 - учаскелік шеберлер, 21 - механизатор, 56 - арнайы көлік жүргізушілер) 57 - кондоминиум, 41 - полигон қызметі, 103 адам – басқа қызметтер бойынша қамтылған. 

2018 жылдың маусым айында қала әкімдігінің Қаулысы негізінде «Қызылорда тазалығы» ЖШС – не «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы паркі» мен «Тұрғын үй Қызылорда» ЖШС-ін қосу жолымен қайта ұйымдастырылды. «Жекешелендіру объектілерін сату Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 09.08.2011 жылғы №920 Қаулысына сәйкес, «Қызылорда тазалығы» ЖШС-гі 2021 жылы үш рет сауда-саттыққа шығарылып, нәтижесімен сатып алуға ешкім қызығушылық танытпаған. 2021 жылдың 28 қазанындағы №1307 қала әкімдігінің Қаулысына сай «Қызылорда тазалығы» ЖШС шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қосу жолымен қайта ұйымдастырылды. Қызылорда қаласы әкімдігінің 30 қараша 2022 жылғы №1367 Қаулысымен Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан бөліп шығару жолымен Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылып, 26.01.2023 жылы Әділет органында қайта тіркеуге алынды. 

Қазіргі таңда «Қызылорда су жүйесі» мен жаңадан құрылған «Қызылорда тазалығы»  мекемелері арасында негізгі материалдық құндылықтар мен жарғылық капитал және арнайы техникаларды бөліну балансы арқылы бөлініп алынып, басқару органымен бекітілді. Оған 4 миллиард 483 миллион теңге қаржы жұмсалған. Негізінен санитарлық тазалық жұмыстарына қаралған қаржы, мекеменің негізгі кіріс көзі болып табылады. 

Мұндағы тазалықшылардың тірлігі таң атысымен қызады. Әрқайсысының белгіленген аумағы бойынша өз міндеті бар. Таңның атысы, кештің батысы бір тірліктің басында жүрсе де, қоқыс көлемі азаяр емес. Неге?

Әлеуметтік желі – тазалық кепілі

Мәселенің мән-жайын «Қызылорда тазалығы» мекемесі мамандарымен бірге бағамдауды жөн көрген едік. Әрі мекеменің қордаланған мәселесі қандай? Нендей уәжі барын білуге тырыстық. Әдетте тиісті орындардың олқылығына тұрғындар шағымданушы еді. Бұл жолы тазалықшылар да қарапайым халыққа өкпелі сыңайлы. Әсіресе, әлеуметтік желідегі белсенді блогерлерге айтары бар көрінеді. 

«Мекеме құрылған уақыт ішінде қала тазалығын сақтауда біршама тірліктер атқарылды. Еңбек нәтижесіз деуге келмес. Тазалықты сақтауда тынымсыз тірлік істелгенін айта кеткен жөн. Бірақ, кемшілік қай кезде де болатыны анық. Оны жасырмаймыз. Біздегі кемшілік қоқысты тазалаған сайын қоқысқа толатыны болып отыр. Өкінішке орай бұл мекеменің не тазалықшылардың дұрыс жұмыс істемеуінен дей алмаймын. Шаһардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті әрі үздіксіз жүргізіледі. Сонда да тазаланған аумақ әп-сәтте үйілген қоқысқа толады. Оны уақытында жинамаса айналаны бүлдіреді. Сосын тұрғындар шағымданады. Мекемеге ескерту келеді. Қызметкерлерге шағым түседі. Ол үшін қоқыс үйілген маңды суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялау жеткілікті. Қазір мәселеге терең бойламай, бірден тиісті орынды кінәлайтын блогерлер көбейді. Кейде солар тазалық сақтау – әрбір тұрғынның парызы екенінін неге түсінбейді деп те налимыз. Алайда жауапкершіліктегі жұмыс болғандықтан ешкіммен санаспай атқаруды жөн санаймыз, – дейді мекеменің заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Алтынбек Жақыпов. 

Сала мамандарының айтуынша, қазір көпшілікке әлеуметтік желі – тазалық кепілі секілді көрінетін болған. Оған жоғарыда айтылғандай белсенді желі қолданушыларының қоқыс жиналған аумақты желіге жариялап, «тиісті мекеме не қарап отыр?» деген сынды пікірі білдіруі себеп екен. 

«Мәселен, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалап өтті дейік. Олар кеткен соң, артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Сосын тағы бірі тастайды. Яғни, белгілі бір кезде шығармай, кез келген уақытта тастай салады. Солай қоқыс қалдығы жиналып қалады. Ал мекеме қызметкерінің «Кім қашан қоқыс тастар екен?» деп күтіп отырмайтыны белгілі. Келесі аумақты тазалауға көшеді. Сол аралықта бізге қоңырау шалып, осы аумақтың қоқысы тазаланбады деп шағымданады немесе әлеуметтік желіге шығара салады. Соңында «Қызылорда тазалығы» мекемесі міндетін дұрыс атқармағандай болады», – дейді бөлім басшысы. 

Тұрғындар түсінбейді

Қазір адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшейтіндей деңгейі бар. Сонда тұрғындарға «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» түсіндіру соншалықты қиын болғаны ма? 

«Кезінде тұрғындардың арызы негізінде кей көшелерге бәріне ортақ қоқыс жәшігі орнатылды. Заңдылығында ондай контейнер тек көпқабатты үйлердің алдына қойылуы керек. Ал жеке тұрғын үйдің жеке қоқыс жәшігі болғаны дұрыс. Сол арқылы мекемемен келісім-шартқа отырып, жәшіктегі қоқыс уақытында тазаланып тұрады. Бірақ, бұған көбі келісе бермейді. Бірі үйімнен қоқыс шығармаймын, ендігісі басқа мекемемен келісімім бар деген сынды сылтау айтады. Шындығында тұрғын үй қоқысын жинайтын мекеме – тек «Қызылорда тазалығы» ғана. Оны айтсаң түсінбейді, кейде өзімізге жекіп тастайтын сәттер болады. Әрине талапқа сай келісімге келіп, қоқыс жәшігін орнатқан бірен-саран тұрғындар бар. Халықпен жұмыс істеу оңай емес, осындай түсініспеушіліктер кездеседі», – деген уәж айтты бөлім басшысы бізбен әңгімесінде.

Тазалық сақшыларының сөзінше, жұртшылық арасында «мекеме міндетті» деген көзқарас қалыптасқан. Осы таптаурын түсініктің салдары жауапсыздыққа әкелуде. Ендігі бұл түсініктен арылып, қала тазалығын бір жүйеге келтіретін уақыт келген сияқты. «Қызылорда тазалығы» ЖШС заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Алтынбек Жақыпов қазір қаланы 11 аумаққа бөліп, тазалық жұмысын сол бойынша жүргізуді қолға алыпты. 

«Пилоттық жобада тазалық сақтауда тұрғындармен тәртіп бойынша жұмыс істеу көзделуде. Яғни бағана айтып өткендей жалпыға ортақ қоқыс жәшіктерін алып тастаймыз. Тұрғындар үйінен шыққан қоқысты, тұрмыстық қалдықты жинап, ауласында ұстауы тиіс. Сосын белгіленген күні белгілі бір уақыт аралығында есік алдына шығарса, тазалықшылар жинап алады. Мұның  бәрі келісім-шарт негізінде жүзеге асады.  Мұндай қызметтің ақысы да белгіленген. Сондай-ақ бұрын келісім-шарт 1 жыл мерзімге жасалатын. Қазір оның мерзімін шектеусіз қылдық. Тек тариф бағасы өзгерсе ғана ескерту қағазы беріледі», – дейді ол.

Қалада бұл жоба бойынша бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тұрғындар да бар екен. Олар осы тәртіпке үйренген. Тазалықшылар оларды көпшілікке үлгі қылып та айтып жүр. Мәселен, қаладағы  Әбенов көшесінің бойы үнемі тап-таза тұрады екен. Көше тұрғындарының барлығы дерлік мекемемен келісім-шарт жасасқан. Нәтижесі де көз қуантарлықтай. 

Шет аймақ – лас аумақ

Қала тұрғыдарының бәрі Әбеновтың тұрғындарындай емес. Шет аймақтағы ахуалды айтуға ауыз бармайды. Әсіресе, Шанхай, КБИ шағын ауданының қоқысын азайту мұңға айналған. Оның қасында әл-Фараби, Гагарин қыстағының тұрғындары ұқыпты екен. Тазалыққа бей-жай қарамайтындарын байқатқан.  Айтпақшы, лас аумақтың қатарында қала ішінде орналасқан «Арай» шағын ауданы да бар. Халқымыз «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп біліп айтқан ғой. Ондағы бірқатар көше қоқыс алаңына айналған. Қазір осы аумақты тазартуда аталған жоба жүзеге асуда. 

Қажет? Қажет емес?

Жоғарыда 11 аумақ бойынша пилоттық жоба іске асатынын айтқанбыз. Істің мәнісін түсіну үшін «Арай» шағын ауданына жол тарттық. «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бөлім басшысы Алтынбек Жақыпов ондағы нағыз қоқыс полигонына айналған «Гүлдала» көшесімен таныстырды. Байқағанымыздай, көше қиылысы көпшіліктің қоқыс тастайтын орнына айналған. 

Тазалықшылардың бұл маңды әлгінде ғана тазартқаны байқалады. Алайда біз барған тұста бір тұрғынның қап-қап қоқыс тастап жатқанына куә болдық. Мамандардың ескертуіне «қоқысты қазір өртеп жіберемін» деп құлақ аспады. 

Күнқияш Айқараева осы көшенің тұрғыны. Біраз жыл көпқабатты үйде тұрған тұрғын жер үйге көшкенде таза ауада тыныстап, демаламын ғой деп келіп едім дейді. Алайда ол кісінің мұнысы арман екен.

«Денсаулығым сыр бере бастағасын осы маңға көшіп келдік. Жас келгенде кең үйде, кең аулада таза ауаны тыныстап отырғанға не жетсін. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмады. Осы үйде тұрғаныма 9 жыл болады. Қоқыстан көз ашпадық. Жолдың қиылысында орналасқандықтан ары-бері өткендер қоқыстарын осы жерге тастай салады. Бұл біреудің есігінің алды, ұят болар деген ой жоқ. Күн ыстықта шығатын иісі бөлек, ит-құстың бәрі осы маңда жүреді. Қоқыстың небір түрін көріп, тастаған адам емес, мен ұяламын. Оған қоса ит шашып тастағасын көше бойы пакет, қағаз қалдығына толады. Тазалықтан келіп күнде жинастырады ғой. Соның өзінде артынша қоқыс тастап жатады. Кейде қоқыс тастағандарға ренішімді айтам. «Қоқыс тастайтын жер емес пе?» дейді. Өзіме ұрсады. Осыны айтып қала әкімдігіне шағымданған едім. Олар қоқыс жәшігін орнатуға уәде берді. Артынша екі жәшік қойып кетті. Бірақ бұрынғысынан бетер болды. Ақыр соңында тазалық мекемесіне айтып, жәшікті алдыртып тастадық. Оларға да ренжи алмайсың. Күнделікті тазалауының кемістігі жоқ. Нәтижесі болмаған соң не деуге болады. Бәрі адамдардың өзіне байланысты ғой. Ұят дегенді ұмытқан. Өзгенің мүлкін сыйлау жоқ. Біреудің есігінің алдына қоқыс тастау деген нағыз мәдениетсіздік қой», – дейді 80 жастағы кейуана. 

Дәл мұндай алаңға айналған бірнеше көше бар «Арайда». Соның бірі –Кетебай Жүсіп көшесі. Бұл маңдағы бұрылыста да біршама қоқыс жиналып қапты. Тазалықшылар жинап әкетті. Осы сәтте көше тұрғыны бұрышқа жәшік орнатылса деген өтінішін жеткізді. Қоқысты қаңғыбас иттердің шашқанынан, жәшікте жиналып тұрғанын тәуір санайды. Алайда алдыңғы тұрғынның сөзіне сенсек, қоқыс жәшігі тазалыққа кепіл болмайтын секілді. Мұны тазалық сақшылары да растап отыр. 

«Заңдылығында бұрыш-бұрышқа қоқыс жәшігін орнатуға болмайды. Бірақ, тұрғындардың өтінішімен орнатылсын деген тапсырма келгесін орнатуға тура келді. Оның нәтижесіз екенін білсек те, қарсы келе алмадық. Енді ақырындап орнатылған жәшіктерді алып тастаймыз. Оның тиімсіз екенін тұрғындарға да түсіндіру керек. Бағана айтылған пилоттық жобада осы мәселе ескерілген. Екі жаққа да тиімдісі – келісім-шартқа отырып, қоқысты белгілі уақытта ғана сыртқа шығару. Осыны жүйеге келтіру керек. Тараз, Шымкент қаласында да осы әдіспен жұмыс істейді. Тиімділігін дәлелдеген. Қаланың тазалығы – ортақ іс болғандықтан, осыған жұмыла кіріскен жөн сияқты», – дейді Алтынбек Жақыпов. 

Шығыны шаш етектен

Мамандар осындай олқылықтың салдарынан мекеменің шығынға ұшырайтынын жасырмады. 600-ге жуық қызметкерге берілетін жалақы, техникалық базаны жаңартуды айтпағанда, бұзылған көлікті жөндеу, одан басқа да қажеттіліктер көп қаражатты талап етеді. Бір жинаған жерге бірнеше рет бару да шығынға әкеледі-мыс. Сонымен бірге, Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2008 жылғы 18 сәуірдегі №113 бұйрығына сәйкес әр адамның шығаратын қоқыс көлемі 1,1 коэффицент, ал қоқыс тығыздығы 0,19 деп көрсетілген. Сол тұстағы халық саны бойынша (2011 жылы қала халқы саны - 287 мың шамасында) жылына 60 мың тонна қоқыс шығару жоспарланған. Ал статистикалық мәлімет бойынша 2021 жылдың 1 сәуірдегі көрсеткішімен қала халқының саны 323 мыңнан асады. Оған осынша жыл ішінде мөлтек аудандардың көбейгенін қосыңыз. Осының бәрін есептер болса, бюджеттен бөлінетін 500 млн теңге жұғым болмайтын көрінеді. Мекеме қызметкерлердың жалақысын тұрақты бергенімен, салықтық түсімдердерді уақытылы орындай алмайды екен. Бұл да жығылғанға жұдырық болғандай.

Жалпы, қаланың санитарлық тазалығына 2011 жылдан бастап, 500 млн.теңге бөлініп келеді.  Ал, 2020 жылы 627 миллион теңге, 2021 жылы 666 миллион теңге, 2022 жылы 699,9 миллион теңге бөлінген. Өткен жылдың тамыз  айында қосымша 200 млн теңге бөлініп, барлығы  899,9 миллион теңгені құраған.

Биылғы жылы санитарлық тазалық бойынша барлығы 759 милилон 487 мың теңге қаралып, оның  2 айға 190,5 миллион теңгесі бөлініп, толығымен игерілген. Қалған 10 айға  568,9 миллион теңге қарастырылып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Қызылорда-тазалығы» мекемесінің жай-күйі былтырдан бастап назарға алынып, біршама игілікті тірліктер жүзеге асқан. Облыс әкімінің қолдауымен жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өткен жылдың шілде айынан бастап көшенің санитарлық тазалық жұмысшылары қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етіліп келеді. Сонымен қатар, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпорынның тазалау қызметінің барлық көше жұмысшылары мен жүк тиеушілері және аула сыпырушылар мен жүргізушілердің айлық жалақылары өсіріліп, сәйкесінше 27 және 44%-ға жалақылары көтерілген. Оның ішінде тазалықшы 130214, жүк тиеуші 140353, арнайы техника жүргізушілері 145873, көпсалалы техника 150605, механизатор 140154, щеткалаушыға 150 899 теңге көлемінде жалақы белгіленген. Яғни, мекеменің штаттық кестесін бекіту кезінде биылғы жылғы ең төменгі жалақының 70 000 теңге өсуі ескеріліп,  16,6 пайызға барлық жұмыскерлердің айлық жалақысы көтеріліп бекітілді. Нәтижесінде мекеменің орташа жалақысы 128 мың теңге, ең төменгі жалақысы 77 мың теңгені құрауда. 

Бүгінгі күні мекеменің теңгерімінде 136 дана техника бар, оның ішінде санитарлық тазалық жұмыстарына қамтылатын техника саны - 91дана. ШЖҚ «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның 2022 жылға жарғылық қорын ұлғайту мақсатында 1 миллиард 927 миллион теңгеге жасалған қаржылық экономикалық негіздеме (ҚЭН) бойынша 75 дана арнайы техника алынуы жоспарланған болатын. Осы ретте 2022 жылдың 18 мамырда өткен №121-19/1 облыстық мәслихат сессиясының шешімімен 525,6 миллион теңге қаражат бөлініп, 11 дана арнайы техника алынып, үнемделген қаржыға 1 дана «Faw» жеңіл жүк автокөлігі және 1 дана трактор тіркемесі, барлығы 13 дана техника сатып алынған. 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №198-28/2облыстық мәслихат сессиясымен шешімімен  170 миллион теңге қаражатқа 2 дана арнайы техника (шаң сорғыш) сатып алуға бөлінген.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 17 қаңтарындағы №172 облыстық мәслихат шешімімен 18 дана арнайы техника алуға 572,8 миллион теңге  қаражат бөлінді. Барлығы биылғы жылы 742,8 миллион теңгеге  20 дана арнайы техника алыну жоспарлануда.

Қазіргі таңда өткізілген конкурстардың нәтижесімен 13 дана техника жеткізіліп, қолданысқа берілді. Қалған 7 дана техника шілде айында жеткізіледі деп жоспарлануда. 

Шындығында тазалық – ортақ іс. Айналаңның таза болғаны саған да, тазалаушыға да жақсы емес пе? Ендеше тазалықты неге сақтамасқа? Әңгіме барысында мамандар халықтың су, жылу, жарық сияқты тазалықты да қажеттілік деп таныса екен деді. «Ақысы төленбесе жарықты қиып, су мен жылуды ажыратады» деп уайымдаған секілді, «айналам қоқысқа толады» деп те ойласа екен деген тілегі бар. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Тағы да оқыңыз: